Түркістан облысында елді мекендердің еңсесін тіктеп, ауыл тіршілігіне жан бітіруге бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы жүйелі түрде жүзеге асуда. 2025 жылы өңірдегі 142 елді мекенде 140 жоба іске аспақ. Оның 54-і – өткен жылдан өтпелі жобалар болса, 86-сы – жаңадан бастау алатын жұмыстар. Жалпы осы мақсатқа 21,8 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Бөлінген қаражат аясында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыратын маңызды нысандар жөнделіп, жаңадан салынады. Жеті мектеп күрделі жөндеуден өтсе, он жеті спорт нысанының құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ бір спорт мектебі жаңғыртылып, он мәдениет үйі бой көтереді, алты нысан қайта жөнделеді. Екі елді мекенде ауыз су жүйелері жөнделіп, жеті ауылда электр қуатымен жабдықтау жұмыстары қолға алынады. Бұған қоса, тоқсан жоба ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге бағытталған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров апталық мәжіліс барысында жауапты басшыларға әрбір жобаны сапалы әрі уақытылы орындауды қатаң тапсырды. Әрбір бастаманың халық игілігіне жұмыс істеуі қажеттігін атап өткен өңір басшысы, құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді. Оның айтуынша, тұрғындарды жұмыспен қамту, жобалардың тиімділігін зерделеу және аймақты дамыту индикаторларының орындалуы үнемі назарда болмақ.
Мәжіліс барысында ауыз сумен қамту және «Жайлы мектеп» жобасының орындалу барысы да талқыланды. Облыс орталықтары мен қалалар ауыз сумен толықтай қамтылса, ауылдық елді мекендерде бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Арыс, Шардара, Ленгір, Сарыағаш қалаларындағы су жүйелерін жаңарту мәселесі көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылды. Қазіргі таңда облыс аумағында ауыз суға қатысты 63 жоба жүзеге асырылуда. Оның жетеуі қалаларда, елу алтысы ауылдық жерлерде қолға алынған. Жыл соңына дейін отыз елді мекен таза ауыз сумен қамтылып, жеті ауылдың ескі су жүйелері жаңартылады. Екі елді мекенге жаңадан су құбырлары тартылады.
Бұдан бөлек, облыста «Жайлы мектеп» жобасы аясында 29 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда он үш білім ошағы пайдалануға берілді, тоғыз мектепте оқыту процесі басталып кеткен. Қалған он алты мектептің құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Бұл білім ошақтарының сапалы әрі заманауи деңгейде бой көтеруі – облыс әкімінің тікелей бақылауында. Сонымен қатар, жаңа мектептерді кәсіби басшылармен және тәжірибелі ұстаздармен қамту мәселесі де басты назарда.
Ауылдың тынысын ашып, елдің келешегін кемелдендіруге арналған бұл жобалар – тек құрылыс пен жөндеу емес, халықтың ертеңге деген сенімін оятатын нақты қадамдар. Елді мекендер көркейсе – ел рухы көтеріледі. Ал ауыл – елдің берік бесігі.