Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Түркістан облысында да бұл бағытта нақты іс-шаралар қолға алынып, заманауи білім ошақтары, тұрғын үйлер, мәдениет және спорт нысандары бой көтеруде. Осы мақсатта облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Шардара және Келес аудандарына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарының барысымен танысты.
Алдымен Шардара ауданына барған аппарат басшысы аудан әкімі Арман Қарсыбаевпен бірге туризмді дамытуға бағытталған жобалардың бірі — жағажай инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстарының жай-күйін бақылады. Қазіргі таңда бұл аумақта жолды тегістеу, тас төсеу және электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық аяқталғаннан кейін бұл нысан өңірдің туристік әлеуетін арттырып, экономикалық дамуына оң серпін беретіні сөзсіз.
Мұнан соң Еркебұлан Дауылбаев «Өтеғұл» шағынауданында салынып жатқан 300 орындық «Жайлы мектеп» құрылысымен танысты. Ел болашағы – білімді ұрпақ десек, бұл білім ұясы жаңа буын оқушыларының сапалы білім алуына барлық жағдаймен қамтамасыз етіледі. Аппарат басшысы мердігер мекемеге құрылыс сапасын басты назарда ұстап, мерзімді қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға арналған 10 тұрғын үйдің құрылыс барысы да назардан тыс қалмады. Жобалар толық аяқталған соң, мұқтаж жандарға баспана мәселесін шешуге сеп болмақ.
Аудан орталығындағы абаттандыру жұмыстарын да аралап көрген Еркебұлан Дауылбаев бұрынғы қоқыс алаңына айналған аумақтың орнына салынып жатқан демалыс аймағының жобасымен танысып, жергілікті билік пен тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұдан бөлек, жеке инвестиция тарту арқылы «Болашақ» шағынауданында бой көтеріп жатқан 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы да ерекше назарға алынды. Мұндағы сапа, инженерлік жүйелер мен әлеуметтік қолжетімділік мәселелері егжей-тегжейлі пысықталды.
Жұмыс сапары Келес ауданында жалғасын тапты. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, жаңадан салынып жатқан нысандармен таныстырды. Абай ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектеп, спорт кешені мен 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл — ауылдық аймақтағы білім мен спорт саласының жаңа тынысы.
Сонымен қатар Біртілек ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысы, сондай-ақ жаңа буынды дамыту орталығы мен заманауи мұражай ғимараты сынды мәдени және білім беру бағытындағы нысандардың іске асырылу барысы тексерілді. Аппарат басшысы мердігерлерге сапаға басымдық беруді, жұмыс қарқынын арттыруды қатаң тапсырды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан әрбір жоба — Президент бастамаларының нақты іске асуының айғағы. Бұл игі істердің барлығы облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, өңірді жаңа даму сатысына шығарады. Ал құрылыс сапасы мен уақтылы орындалуы жергілікті биліктің тұрақты бақылауында. Халық игілігіне бағытталған осындай жобалар – жарқын болашақтың кепілі.