Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасының Баян-Ғол Моңғол автономиялық аймағы стратегиялық әріптестік орнатты.
Өңірге ресми сапармен келген Баян-Ғол округі Халық Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Чжу Дайюн бастаған мемлекеттік және іскер делегациямен екіжақты келіссөздер нәтижесінде өңірлер арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылды. Бұл тарихи құжат Түркістан мен Баян-Ғолдың арасындағы көпжақты серіктестіктің жаңа кезеңін бастап қана қоймай, екі ел арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген стратегиялық әріптестіктің нақты көрінісіне айналды. Баян-Ғол Қытайдағы ең ірі мақталы өлкелердің бірі.
Кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мырза Баян-Ғол делегациясын құттықтай отырып, өңіраралық қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Әкім екі ел басшыларының – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жоғары деңгейдегі кездесулерін ерекше атап өтіп, Түркістан мен Баян-Ғол арасындағы әріптестік те осы сенім мен тұрақтылыққа негізделуі тиіс екенін жеткізді.
Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіп кешенінде бірлескен кәсіпорындар құру, технологиялар мен ғылыми зерттеулер алмасу, тұрақты экспорт-импорт жүйесін қалыптастыру мәселелерін талқылады. Түркістан облысы мен ҚХР Баян-Ғол Моңғол автономиялық округі арасындағы бауырластық қарым-қатынасты орнату туралы келісімге қол қойылуы, бірлескен жобалар мен нақты экономикалық байланыстар – бұл стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижелері. Қытайлық делегация Түркістан облысының қарқынды дамып жатқан, сенімді және ашық әріптес екеніне көз жеткізді. Алдағы уақытта қос тараптың ынтымақтастығы өз жемісін беріп, Түркістан мен Баян-Ғол тек экономикада емес, мәдениет пен білім салаларында да тығыз байланыс орнатпақ.
Түркістан облысы мен Баян-Ғол кәсіпкерлерінің 40-тан астам компаниясы арасында B2B кездесулер өтті. Қытайлық делегация түрлі салада жұмыс істейтін өңірлік кәсіпорындармен ауыл шаруашылығы, өңдеу, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, логистика және фармацевтика салаларында әріптестік орнату мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің орынбасарымен G2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылды, мұнда мемлекеттік қолдау шаралары, рұқсат беру процестері және өңірлік даму жоспарлары талқыланды.
Шара аясында екі өңірдің өнеркәсіп өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Делегация мүшелері Түркістан облысының «TURAN» арнайы экономикалық аймағы мен «Шағын өнеркәсіптік парктер» қызметімен танысты. Бұл аймақтарда инвесторларға қолайлы мүмкіндіктер ұсынылады.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі