Қасиетті Түркістан өңірі тағы да халықаралық деңгейдегі маңызды кездесу алаңына айналды. Жуырда облысқа Қытай Халық Республикасынан арнайы келген инвесторлар делегациясын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өзі қарсы алып, өңірдің экономикалық, өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктерімен жан-жақты таныстырды. Бұл – жай ғана іскерлік сапар емес, қос тараптың бір-біріне деген сенімін арттырған, стратегиялық бағыттарды нақтылаған маңызды кездесу болды.
Шетелдік делегация сапарының алғашқы күнінде өңірдегі өндірістік және индустриалды аймақтарды аралап, мұндағы инфрақұрылымның даму деңгейімен, алға қойылған жоспарлармен танысты. Іскерлік кездесуде Нұралхан Көшеров пен инвесторлар бірлесе отырып, бірнеше өзекті мәселені талқылады. Атап айтқанда, логистикалық парктердің мүмкіндіктерін зерттеу, Қазақстанның энергетика мен тау-кен өндіру секторларын саралау, Түркістанда бірлескен қойма кешендері мен сауда өкілдіктерін құру мәселелері күн тәртібіне қойылды. Қытайлық кәсіпкерлер өздерінің ұсыныстарын ортаға салып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің инвестициялық және туристік әлеуеті жайында кең көлемде ақпарат беріп, Түркістанның тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін маңызды логистикалық, индустриалды және мәдени орталыққа айналып келе жатқанын атап өтті.– Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық жыл өткен сайын тереңдей түсуде. Өткен жылдың соңында Хубэй провинциясына жасаған жұмыс сапарымда өзіңізбен кездесіп, маңызды жобаларды бірге талқылаған едік. Бүгінгі сапарыңыз – сол диалогтың лайықты жалғасы. Бұл — өзара сенімге негізделген серіктестіктің жаңа деңгейге көтерілуінің көрінісі. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі өңірімізді жаһандық нарықпен жалғайтын стратегиялық өткелге айналдырып отыр. Біз заманауи логистикалық парктерді дамытуға, әуежай аумағында техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашуға, тұрақты халықаралық жүк бағыттарын қалыптастыруға, жүк сақтау, сұрыптау және қайта өңдеуді қамтитын инфрақұрылымды бірлесіп дамытуға толық дайынбыз. Сонымен қатар, бірлескен индустриалды аймақ құру – екіжақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін тиімді шешім болмақ. Біздің әкімдік тарапынан барлық қажетті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі, – деді облыс басшысы.Сапар барысында делегация Түркістан қаласында құрылысы жүріп жатқан жаңа мақта өңдеу зауытына барды. Мұнда олар зауыттың жобасымен егжей-тегжейлі танысып, өндірістік қуаты мен болашақ жоспарлары жайында ақпарат алды. Бұдан бөлек, Сауран ауданына қарасты Ораңғай ауылындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысып, аталған аумақтағы инвестициялық мүмкіндіктер мен қолдаулар жөнінде кең мағлұматқа ие болды. Екікүндік сапар қорытындысында делегация Түркістан қаласына арнайы экскурсия жасап, тарихи-мәдени мұралармен танысты. Қонақтар көне шаһардың рухани келбетіне тәнті болып, бұл өңірдің тек экономикалық емес, мәдени және туристік тартымдылығының да зор екендігін ерекше атап өтті. Түркістан – мүмкіндіктер мекені. Оның бүгінгі келбеті тек өткеннің мұрасын сақтап қоймай, болашаққа батыл қадам басып келе жатқан өңірдің бет-бейнесін танытады. Қытайлық инвесторлармен өткен бұл кездесу – осы жарқын болашаққа бірге ұмтылудың, ортақ мақсат жолындағы нақты қадамдардың бастамасы болды.