Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті күн санап артып келеді. Өңірдің ашық әрі қолайлы бизнес ортасы шетелдік кәсіпкерлердің қызығушылығын тудыруда. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстаннан келген бір топ ірі инвестормен кездесу өткізіп, тығыз экономикалық әріптестік орнату мәселесін талқылады.
Кездесуге қатысқан «U-UMAX Group» компаниясының өкілдері Түркістан өңірімен бірлесіп жұмыс істеуге, бірқатар салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін жеткізді. Өзбекстандық кәсіпкерлер құрылыс, жол салу, теміржол инфрақұрылымы, логистика және басқа да маңызды бағыттар бойынша бірлескен жобаларды қолға алуға дайын екендерін білдірді.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров көршілес елден келген кәсіпкерлерге ілтипат білдіріп, Түркістан облысында инвестиция салуға қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.
– Өзбекстан – біз үшін көршілес мемлекет қана емес, рухани және тарихи тамыры бір бауырлас ел. Орталық Азия кеңістігінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас түрлі салада өркендеп келеді. Түркістан облысында кәсіпкерлік, өндіріс, ауыл шаруашылығы және туризм бағыттары басты назарда. Осы салаларда бірлесіп жұмыс істеуге толық дайынбыз. Сіздердің ұсыныстарыңызды жан-жақты қарастырамыз, – деді өңір басшысы.
Кездесу барысында тараптар бірлескен жобаларды нақтылау, стратегиялық бағыттарды айқындау және техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеу бойынша келіссөздер жүргізді. Өзбекстандық инвесторлар Түркістанның географиялық орналасуы мен дамып келе жатқан инфрақұрылымын жоғары бағалап, өңірмен әріптестік орнатуға сенім білдірді.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысы – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Мұнда инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген 19 индустриалды аймақ, бірнеше шағын өндірістік парктер және 5 өндірістік субзонасы бар арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бұл өндірістік алаңдарда қазіргі таңда 52 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, құны 195,4 миллиард теңгені құрайтын 57 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Осындай ауқымды өндірістік әлеует пен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау – шетелдік инвесторлар үшін тиімді әрі сенімді орта қалыптастырып отыр. Түркістан облысы әкімдігі инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіп, жобаларды сәтті жүзеге асыруға жан-жақты қолдау танытуда.
Өзбекстандық компаниялардың қызығушылығы мен алғашқы келіссөздер – бұл екі ел арасындағы экономикалық байланыстың жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді. Алдағы уақытта Түркістан өңірінде өзбек кәсіпкерлерінің қатысуымен жаңа жобалар іске асып, екіжақты серіктестіктің нақты нәтижелері көрініс табатынына сенім зор.