Жеті жыл ішінде жаңғырып, жарқыраған Түркістан – бүгінде ел назарындағы ғана емес, шетелдік меймандардың да жиі табан тірейтін рухани әрі экономикалық орталықтарының біріне айналды. Облыс орталығы мәртебесін алған күннен бастап қарқынды дамудың жаңа дәуіріне қадам басқан қасиетті өңір бүгінгі таңда туризм, мәдениет және инвестициялық серіктестік бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Осы үрдістің жарқын көрінісі ретінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Португалия Республикасының Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Жозе Атаиде Амарал арасындағы кездесуді атауға болады.
Киелі шаһар төрінде өткен бұл кездесу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, жаңа бағыттағы іскерлік байланыстарға жол ашатын маңызды бастама болды. Облыс басшысы мәртебелі мейманды құшақ жая қарсы алып, Түркістанның әлеуметтік-экономикалық өсімі мен туризм саласындағы мүмкіндіктерін кеңінен таныстырды. Өз сөзінде Нұралхан Оралбайұлы: «Сізбен тарихи Түркістан төрінде жүздесіп отырғаныма ерекше қуаныштымын. Облысымызда инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Біз Португалиямен тығыз әріптестік орнатып, өзара тиімді жобаларды іске асыруға ниеттіміз. Әсіресе туризм саласындағы тәжірибелеріңіз біз үшін қызықты. Еуропадан келетін туристер санын арттыру үшін бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», – деп атап өтті.
Өз кезегінде Жозе Атаиде Амарал қазақ халқының қонақжайлылығына ризашылығын білдіріп, Түркістанға арнайы «Voice of Turan – 2025» халықаралық қазақ әндері фестиваліне қатысу үшін келгенін айтты. Ол қазақ ән өнерінің биік деңгейіне таңданысын жасыра алмай, Португалияда да қазақ әндерін насихаттап жүрген орындаушылар бар екенін, мұндай мәдени көпірлер елдер арасындағы байланыстарға тың серпін беретініне тоқталды.
Түркістанның тарихи келбеті мен заманауи тынысына жоғары баға берген мәртебелі қонақ бұл шаһардың болашағы зор екенін, әсіресе туризм бағытының айрықша дамитынына сенім білдірді. Ол өз елімен Түркістан арасындағы іскерлік қатынастарды одан әрі нығайтуға, әріптестік жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
Бұл кездесудің нәтижесі ретінде Түркістан өңірінің халықаралық байланыстары жаңа деңгейге көтеріліп, Португалиямен мәдени, экономикалық серіктестіктің көкжиегі кеңейе түсті. Қазақ руханияты мен мәдениеті төрткүл дүниеге танылып жатқан шақта осындай кездесулер ел мерейін өсіріп, аймақтың әлеуетін одан әрі арттырары анық.