Түркістан облысы халықаралық әріптестік пен инвестициялық серіктестік бағытында тағы бір маңызды қадам жасады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытайдың «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй арасында өткен ресми кездесу екіжақты экономикалық байланысты тереңдетіп, стратегиялық серіктестікке жол ашты. Бұл кездесу – Түркістанның инвестициялық тартымдылығы мен болашағы зор жобаларға дайындығының айғағы.
Қазақстан астанасында жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын жүзеге асыруға қатысқан бұл алпауыт компания ендігі кезекте Түркістан облысында ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесе атқаруға ниетті. Кездесу аясында тараптар Түркістан қаласының Шығыс айналма жолы және Өзбекстан шекарасынан Шардара мен Арыс бағытындағы жол құрылысын іске асыру бойынша нақты ұсыныстарды талқылады. Аталған көлік дәліздері өңірлік логистика мен халықаралық транзит жүйесін дамытуға тың серпін бермек. Бұл бастама – Қазақстан мен көршілес Өзбекстан арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, бүкіл өңірдің көлік-логистика әлеуетін арттыруға негіз болары сөзсіз.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде бұл кездесудің маңызын ерекше атап өтіп, екі ел арасындағы достық пен сенімді ынтымақтастықты жоғары бағалады. «Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, геосаяси тұрғыдан маңызды әрі стратегиялық маңызы зор өңір. Мемлекет басшыларының өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа негізделген ұзақ мерзімді саясаты өңірлік байланыстарды тереңдетуге берік негіз қалады. Біз Түркістан облысында жүзеге асуы мүмкін кез келген инвестициялық жобаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Өзбекстан шекарасынан Шардара мен Арыс бағытына дейінгі жол желісі халықаралық транзиттің жаңа тынысын ашып, бүкіл аймақтың экономикасына серпін береді. Бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы нақты серіктестіктің үлгісіне айналады деп сенеміз», – деді аймақ басшысы.
Кездесу барысында құрылыс материалдарын өндіретін зауыт салу жобасы да кеңінен сөз болды. Тараптар оның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жүзеге асыру кезеңдерін қарастырып, бірлесіп жұмыс істеудің тиімді тетіктерін пысықтады. Мұндай кәсіпорын өңірдегі құрылыс саласының дамуына, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, сонымен бірге өндірістік инфрақұрылымның жаңғыруына ықпал ететіні анық.
Айта кету керек, «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd.» – 2015 жылы құрылған, жарғылық капиталы 300 миллион юаньды құрайтын, Орталық Азияда инвестициялық және құрылыс қызметіне маманданған алдыңғы қатарлы компания. Оның жұмыс ауқымы көлік инфрақұрылымынан бастап, энергетика, химия өнеркәсібі мен құрылыс саласына дейінгі кең спектрді қамтиды. Қазақстанда да бірнеше ірі жобалардың жүзеге асуына тікелей атсалысып келеді.
Бұл келіссөздер – Түркістан облысының халықаралық деңгейдегі беделінің артып келе жатқанын, өңірдің жаңа экономикалық бағыттарға дайын екендігін көрсетеді. Инвестициялық әлеуеті жоғары, географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан Түркістан алдағы уақытта да шетелдік инвесторлар үшін сенімді серіктес бола бермек.

