Түркістан облысы халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамытудың жаңа белесіне қадам басты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жетекшілігімен Қытай Халық Республикасына жасалған жұмыс сапары аясында Шаньдун провинциясының жетекші кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізіліп, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі бағытындағы ірі инвестициялық жобалардың негізі қаланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік тікелей инвестицияларды тарту туралы тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған бұл сапар – Түркістан өңірінің экономикалық өркендеу жолындағы нақты қадамы. Делегация Циндао қаласында орналасқан «Wanlin Group» өндірістік кешеніне барып, әлемдік нарықта кең танымал өнімдердің өндірісімен танысты. Компания жылына 8000 тоннадан астам мұздатылған сарымсақ, пияз, сәбіз сынды көкөніс өнімдерін шығарып, KFC, Nestlé секілді жаһандық брендтерге өнім жеткізеді. АҚШ нарығына жыл сайын 50 млн доллардың өнімі экспортталады.
Келесі маңызды кездесу «Qingdao Jincheng Agricultural Technology» компаниясымен өтті. Бұл кәсіпорын «компания + фермер» және «фьючерстер + тапсырыстар» үлгілері арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, ауыл шаруашылығындағы тәуекелдерді төмендету тәжірибесін жүзеге асырып отыр. Жылдық өндіріс көлемі – 50 млн келі астық, басты ерекшелігі – экологиялық таза өнім өндіру.
Сапар барысында делегация «Qingdao Dequan Food Co., Ltd.» компаниясының қызметімен танысып, өңірде инновациялық азық-түлік өндірісін іске қосу мүмкіндіктері қарастырылды. Жылдық қуаты – 20 мың тоннадан астам өнім. Компания 2024 жылы Қытайда «Жоғары технологиялық кәсіпорын» және «Мамандандырылған инновациялық ШОБ» мәртебесіне ие болды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров сапар қорытындысы бойынша былай деді:
“Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің экономикалық дамуында шетелдік инвестицияның рөліне ерекше мән беріп отыр. Біз бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жұмыс істеп келеміз. Шаньдун провинциясындағы жоғары технологиялы кәсіпорындармен әріптестік орнату Түркістан облысының экономикасына жаңа тыныс береді.”
Қытай тарапы Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалап, өңірде өндірістік нысандар ашуға және бірлескен агроөнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді. Қазірдің өзінде тараптар арасында бірқатар алдын ала келісімдерге қол жеткізілді. Алдағы уақытта нақты жобалар пысықталып, іске асырыла бастайды.
Сапар аясында сондай-ақ қонақүй кешені мен медициналық орталық салу бағытында инвесторлармен келіссөздер жүргізілді. Делегация «Wanlin» тобына қарасты медициналық-оңалту кешенінде болды. Бұл заманауи кешен денсаулық сақтау, оңалту және қонақүй қызметтерін біріктіріп, 2000 адамға арналған 5 жұлдызды стандартпен жабдықталған.
Түркістан облысының бұл халықаралық бастамалары – еліміздің агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, экспортты ұлғайту және ауылды жаңғырту жолындағы стратегиялық бағыттарымен үндес. Түркістанның Қытаймен экономикалық әріптестігі өңірге жаңа технология, жаңа жұмыс орындары және халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігін алып келеді.