Түркістан – даму мен дамылсыз тірліктің ордасына айналған аймақ. Өңірге инвестиция тарту, өндірісті өркендету, инфрақұрылымды нығайту сынды маңызды бағыттарда нақты қадамдар жасалып келеді. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров әлеуеті зор инвесторлар тобымен кездесіп, өзара ынтымақтастықты кеңейту мақсатында келіссөздер жүргізді.Кездесу барысында өңір басшысы Түркістанның инвестициялық әлеуетіне ерекше тоқталып, қолайлы жағдай мен жан-жақты қолдауға негізделген нақты саясаттың іске асып жатқанын атап өтті. «Біздің алдымызда тұрған басты міндет – Түркістан облысын жан-жақты дамыту. Біз тек өндіріс емес, инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде ауыз су жүйесін жақсартуға бағытталған жобаларға да басымдық береміз. Инвесторларға барлық қажетті жағдай жасалады. Бүгінгі ұсыныстар мұқият зерделеніп, жұмыс нақты басталады деп сенемін», – деді өңір әкімі. Кездесу нәтижесінде шетелдік инвесторлар ауыл шаруашылығы, құрылыс және өнеркәсіп бағыттарында бірқатар жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді. Әсіресе, су құбырларын өндіру бойынша әлемдік тәжірибесі мол компаниялардың облыс аумағында өндіріс орындарын ашуға ықыласты екені айтылды. Қос тарап өзара түсіністікке келіп, нақты жобалар аясында бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.Түркістан облысына жыл басынан бері 196,5 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе артты. Бұл – облыс экономикасының өсіміне тың серпін бергені анық. Бүгінде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 110 инвестициялық жобадан тұратын ауқымды жоба пулы жасақталған. Оның ішінде биылдың өзінде 322 млрд теңге көлеміндегі 57 жобаны іске қосып, 6900-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Индустриалды аймақтар мен шағын өндірістік парктер де кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Түркістан – еңбек пен елдік ұмтылысты ұштастырған, инвестицияға ыңғайлы, келешегі кемел өңірге айналып келеді.