RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтаринвестиция

Түркістан – халықаралық туризмнің жаңа қақпасына айналуда

Тарих пен тағылым тоғысқан Түркістан өңірі бүгінде туризм саласын дамыту арқылы халықаралық әріптестікті нығайтып, шетелдік инвестиция тартуға бет бұрды. Көне шаһардың келешегін кемелдендіруге бағытталған жаңа бастамалардың аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай Халық Республикасынан келген делегация арасында маңызды кездесу өтті. Қытайдың жетекші туристік құрылымдарының бірі – Beijing Zhongxing Huizhi International Culture & Tourism Development Co., Ltd. компаниясының басқарушы директоры Сюнь Шаньхуа бастаған делегациямен болған басқосуда қос тарап туризм саласындағы стратегиялық әріптестікті дамытудың мүмкіндіктерін кеңінен сөз етті.

Кездесу барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарын нығайту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, заманауи туристік инфрақұрылымдарды дамыту мен өңірдің тарихи-мәдени мұрасын әлемдік деңгейге таныту жолындағы ынтымақтастық бағыттары талқыланды. Қонақтар Түркістанның қазіргі келбетімен танысып, тарихи кешендерді, киелі орындарды, жаңа туристік нысандарды аралады. Олар Түркістанның сәулеті мен тыныс-тіршілігіне, инфрақұрылымдық даму қарқынына оң бағаларын беріп, бірлесіп жобалар жасауға ниетті екенін білдірді.

Бүгінде Түркістан облысы – Қазақстандағы туризм индустриясының флагманына айналған өңір. Облысқа ағылған туристер легі жыл сайын артып, тек бір күндік келушілер саны 1 миллионға жақындады. Бұл – соңғы жылдары қолға алынған жүйелі бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобалардың нақты нәтижесі. Түркістанда сапалы қызмет көрсету нысандары, демалыс аймақтары, тарихи мұраларды сақтау мен жаңғырту жұмыстары қатар жүзеге асырылып келеді. Мұның барлығы – өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, оны әлемдік деңгейдегі мәдени бағыттағы туризм орталығына айналдырудағы нақты қадамдар.

Қытайлық инвесторлар тарапынан ұсынылған идеялар мен бастамалар Түркістанның халықаралық аренадағы беделін көтеріп, туристік хаб ретінде қалыптасуына тың серпін бермек. Түркістанның Жібек жолының бойындағы тарихи орны, киелі нысандардың көптігі, тарихи-рухани атмосферасы мен заманауи келбеті – халықаралық туризмнің дамуына айрықша мүмкіндік ұсынады. Осы кездесуде тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласып, нақты жобалар мен келісімдер бойынша алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге келісімге келді.

Бұл кездесу – Түркістанның жаһандық деңгейде туризм индустриясындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған қадамдарының бірі. Өңірдің өркендеу жолындағы басты міндеті – шетелдік инвестицияны тиімді пайдалана отырып, тарихи мұраны сақтау, мәдениетті ілгерілету және сапалы туристік инфрақұрылым құру арқылы Түркістанды Орталық Азияның рухани астанасына ғана емес, халықаралық туризмнің орталығына айналдыру.

Ұқсас жаңалықтар

Сақ болыңыздар: алаяқтар «Халық заңгері» республикалық акциясының атауын пайдалануда

ТҮРКІСТАН – ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІНДЕ

redaktor_rastimes

Қазақстанда «Әкімдер мектебі» жұмысын бастады

redaktor_rastimes

Пікір жазу