RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтартуризм

Түркістан аспанында жаңа дәуір: өңірде тікұшақ пен дрон шығаратын зауыт салынуы мүмкін

Түркістан – ежелгі тарих пен жаңғырудың түйіскен тұсы. Енді осы киелі өлкеде жоғары технологиялар да өз орнын табуы ықтимал. Жақында облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кездесу өткізіп, болашақтың өндірісі саналатын ерекше жобаны – тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) шығаратын заманауи зауыт салу мәселесін талқылады. Кездесуде өңірдің өндірістік әлеуеті жан-жақты сараланып, индустриялық аймақтар мен Сауран ауданы сынды нақты орындар ұсынылды. Бұл бастама жүзеге асса, Түркістан облысы технологиялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басары анық. Ауқымды жобаны іске асыру үшін шетелдік инвестор шамамен 290 миллион АҚШ долларын құюға ниетті. Бұл қаржы тек зауыт салуға ғана емес, онымен бірге өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, жоғары білікті мамандар даярлауға және өндірістік мәдениетті жаңғыртуға бағытталады. Жоспар бойынша, кәсіпорын толық іске қосылғанда 150-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобаның экономикалық маңызын ерекше атап өтіп, инвесторларға барлық кезеңде жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді: – Бұл – жай ғана өндіріс орны емес, бұл – болашаққа салынған инвестиция. Түркістан облысы жоғары технологиялар мен инновацияларға ашық. Осындай жобалар арқылы біз өңірдің жаңа тынысын ашамыз. Бұл – жастар үшін мүмкіндік, ел үшін мәртебе, – деді аймақ басшысы.Инвестор ұсынған зауыт азаматтық және арнайы мақсаттағы тікұшақтар мен дрондарды өндіреді. Олар заманауи логистикада, ауыл шаруашылығында, туризм мен құрылыс салаларында, сондай-ақ төтенше жағдайларда көмек көрсетуге бағытталған. Төменгі авиация саласына жататын бұл құрылғылар 3000 метрге дейінгі биіктікте жұмыс істеуге бейімделген. Дрондар арқылы қалаішілік тауар жеткізу, агроөндірістегі химиялық өңдеулер мен мониторинг жүргізу, инфрақұрылымды бақылау – бәрі де енді Түркістан аспанында жүзеге асуы мүмкін. Түркістан облысы инвесторларға қолайлы жағдай жасау бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің бірі. Бүгінгі таңда аймақта 15 индустриалды аймақ жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, 4000 гектар аумақты қамтитын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы шетелдік капиталға кең мүмкіндік ұсынып отыр. Мұнда салықтық жеңілдіктерден бастап, «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсететін инвесторларға арналған бірыңғай жүйе де бар. Бұған қоса, соңғы үш жыл ішінде Қытай капиталы қатысқан 110 миллион долларлық төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Тағы 1,1 миллиард доллар көлеміндегі жеті жоба іске қосылу кезеңінде тұр. Бұл деректер Түркістанның инвестициялық тартымдылығының нақты көрсеткіші екені анық.Тікұшақтар мен дрондар өндірісі – әлемдік трендтердің бірі. Түркістан осы үдеріске дер кезінде қосылып, жаңаша индустрияландырудың алтын қақпасын ашпақ. Ертеңге сеніммен қарау үшін бүгін осындай батыл қадамдар қажет. Ал Түркістан үшін бұл – тек экономикалық серпін емес, бүкіл өңірдің жаңа келбетін қалыптастыру жолындағы маңызды белес болмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан мен Финляндия президенттері телефон арқылы сөйлесті

redaktor_rastimes

Президент «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестиваліне барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королімен келіссөз жүргізді

redaktor_rastimes

Пікір жазу