RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтартуризм

Түркі руханиятының алтын діңгегі: Түркістанда Махмұд Қашқаридің мұрасына арналған көрме ел жүрегін елжіретті

Тарих пен руханият тоғысқан Түркістан төрінде түркі әлемінің рухани тамыры мен мәдени кемелдігін дәріптейтін тағылымы терең шаралар легі жалғасуда. Бүгін көне шаһарда дүбірлі думанмен «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» атты ІІ Халықаралық симпозиум бастау алды. Осы ауқымды жиын аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде халқымыздың рухани санасын жаңғыртып, өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастырған ерекше көрме өз шымылдығын түрді.

«Тіл – ізгіліктің бастауы» атты бұл көрме адамзат өркениетіне үлес қосқан, түркі әлемінің мәңгілік маржаны саналатын – Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» атты баға жетпес еңбегінің 950 жылдығына арналды. Ұлы ғалымның мұрасын дәріптеуге арналған бұл рухани шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, сондай-ақ Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан мен шет елдерден арнайы келген зиялы қауым өкілдері мен ғылым ордасының ұстаз-ғалымдары қатысып, салтанатты көрменің мәні мен маңызына тоқталды.

Көрменің ашылуында университет ректоры Жанар Темірбекова сөз алып, бұл игі бастаманың рухани және тарихи тұрғыдан қаншалықты құнды екенін айрықша атап өтті. Ол түркі жұртының мәдени кодын, тілдік ерекшелігін, тарихи сабақтастығын көрсететін мұндай шаралар жастардың санасында ұлттық мақтаныш пен рухани тамырларға деген құрметті қалыптастыратынын тілге тиек етті. Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак пен Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының жетекшісі Ақтоты Райымқұлова да түркі халықтарының ортақ қазынасы саналатын бұл көрменің маңызын атап, екі ел арасындағы мәдени байланыстың тереңдей түскеніне ризашылықтарын білдірді.

Жиын барысында қатысушылар бұл көрменің түркі жұртының өткені мен бүгініне көз жүгіртіп, болашақ ұрпаққа тағылым боларлық асыл мұра екендігін, тіл мен тарих – елдің рухани тірегі екенін айтты. Олар Махмұд Қашқари еңбегінің тек бір халықтың ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ортақ игілігі екенін алға тартып, осы мұра арқылы түркілік бірегейлікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Көрмеден соң жиылған көпшілікке «Мың заман – бір Түркістан» атты музыкалық-драмалық қойылым ұсынылды. Қойылымды «Өнер, медиа және дизайн» факультеті мен «OzgeEpic» креатив хабы бірлесіп сахналады. Көркем туындының қоюшы режиссері – Шырын Мұстафина. Бұл туындыда халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған тау тұлғалар – Қорқыт ата, Томирис патшайым, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай Құнанбайұлы мен Алаш қайраткерлерінің рухани жолы шеберлікпен сахналанды.

Қазақ халқының басынан өткерген қилы кезеңдері, тағдыр тауқыметі, соған қарамастан өзара ынтымағын сақтап, рухани бірлігін жоғалтпаған қайсар мінезі – қойылымның өзегіне айналды. Түркі халықтарының мызғымас бірлігі мен ортақ құндылықтары сахнада өріліп, көрерменнің жүрегін тербеді. Көпшілік қойылым соңында тік тұрып шапалақ ұрып, құрмет көрсетті. Қонақтар бұл туындыдан алған әсерлерін бөлісіп, шығармашылық ұжымға ризашылықтарын білдірді.

Осылайша, Түркістан тағы бір мәрте руханият пен мәдениеттің ордасы ретінде әлем назарын өзіне аударды. Махмұд Қашқаридей ұлы ойшылдың мұрасын ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, келешекке жол сілтер шамшырақ іспетті. Бұл көрме мен қойылым – түркі жұртының рухани қайта жаңғыруына бастар жолдың жарқын үлгісі.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ТЕАТРЫНДА «МӘҢГІЛІК БАЛА БЕЙНЕ» ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНДЫ…

redaktor_rastimes

Күймен көмкерілген көк аспан: Түркістан әуежайында Зияткерлік мектеп оқушылары ұлттық өнерді ұлықтады

redaktor_rastimes

СУ КОДЕКСІНІҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ БІРАУЫЗДАН МАҚҰЛДАНДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу