Тарихы тереңге тартқан Түркістан төрінде тағы бір тарихи сәт орын алды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай Халық Республикасының Хэйлунцзян провинциясы вице-губернаторы Цисян Чжан бастаған дел
гация арасындағы кездесуде қос аймақтың болашақ іскерлік байланыстарының іргесі қаланды. Екі тарап ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты тереңдету жайын жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында Түркістан облысының экономикалық, өндірістік және географиялық артықшылықтары жан-жақты таныстырылды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров өз сөзінде Қытайдың Қазақстан үшін ең маңызды стратегиялық әрі экономикалық серіктестердің бірі екендігін баса айтты.
– Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның сенімді әріптесі. Екі ел басшыларының достыққа негізделген тұрақты байланысы — халықаралық қатынастарда үлгі боларлық деңгейде. Түркістан облысы – Жібек жолының бойында орналасқан, табиғи-климаттық жағдайы ауыл шаруашылығына өте қолайлы, жыл он екі ай егін егуге, мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда бізде 15 индустриялық аймақ пен жалпы көлемі 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеуде. Инвесторларға дайын өндірістік алаңдар ұсынылып, инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар «Шағын өнеркәсіптік парктер» желісі дамып келеді. Бұл жобалар шетелдік және отандық инвесторларға үлкен мүмкіндік сыйлайды, – деп атап өтті облыс әкімі.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы мен туризмді экономиканың негізгі драйверлері ретінде дамытуда. Бүгінде өңір мақта, ет өнімдерін экспорттаумен қатар, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге шығаруға да басымдық беріп отыр. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы Хэйлунцзян мен Түркістан облысы арасында өзара пайдалы сауда-экономикалық байланыстар қалыптастыру көзделіп отыр.
Қытайлық делегация басшысы Цисян Чжан көрсетілген құрмет пен қонақжайлық үшін ризашылығын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне барынша қолдау көрсететінін жеткізді. Ол Хэйлунцзян провинциясының өндірісі мен ауыл шаруашылығы саласында ауқымды әлеуеті бар екенін атап өтіп, бірлескен жобаларға инвестиция салуға ниетті екенін білдірді.
Кездесу нәтижесінде Түркістан облысы мен Хэйлунцзян провинциясы арасында іскерлік-экономикалық әріптестікті дамыту және бауырластық қатынастарды орнату туралы екіжақты меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта бірлескен өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, логистика және туризм бағыттарында өзара серіктестікті жүйелі түрде жүзеге асыруға жол ашады.
Айта кету керек, Қытайдың солтүстік-шығысындағы Хэйлунцзян – 30 миллионнан астам тұрғыны бар, өндірісі мен агросекторы жақсы дамыған аймақ. Бұл өңірдің тәжірибесі мен ресурстық мүмкіндіктері Түркістан облысының даму стратегиясымен тоғысып, тың жобалардың негізін қаламақ.
Кездесуден кейін шетелдік делегация өңірдегі бірқатар өндірістік аймақтарды аралап, олардың инфрақұрылымы мен даму әлеуетімен танысты. Түркістанда инвесторлар үшін барлық жағдай жасалғанына көз жеткізген делегация мүшелері өңірмен тығыз әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға ниетті екендіктерін нақтылады.
Аймақаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асатын жобалар тек экономикалық өсімге ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыс орындарының көбеюіне, жаңа технологиялар мен тәжірибелердің келуіне сеп болары сөзсіз.
Соңғы 15 жылда Қытайдан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард АҚШ долларына жеткен болса, Түркістан облысының Қытаймен өзара тауар айналымы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 149 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл – екі ел арасындағы экономикалық серіктестіктің келешегі зор екенін дәлелдейтін нақты көрсеткіш.
Осындай кездесулер мен келісімдер — түркі дүниесі мен аспан асты елі арасындағы жаңа көпірлердің құрылып жатқанының көрінісі. Енді осы келісімдер нәтижелі жобаларға айналып, екі ел халқының игілігі үшін қызмет етеді деп сеніммен айтуға болады.