«Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жиынының ең жарқын, ең жүрекке жылы сәттерінің бірі — алау басындағы ашық кездесу болды. Бұл кеш — түрлі ұлт пен елден жиналған жасөспірімдердің достық пен бауырластық рухын айшықтаған, ел мен жерге деген адалдықтың, шынайы отансүйгіштіктің айнасындай әсерлі кешке айналды. Әзербайжан, беларусь, қазақ, қырғыз, орыс және өзбек елдерінен келген жеткіншектер сол бір алау жанындағы сәтте өз мемлекеттерінің патриоттық әндерін орындап, әр ұлттың жүрек түкпіріндегі ең асыл сезімін ортаға салды. Әнмен өрілген бұл бейресми кездесу — тек өнер кеші ғана емес, жас ұрпақтың бойындағы елге, жерге деген құрметтің, достыққа деген шексіз ықыластың жарқын көрінісіне айналды. Әр елдің патриоттық әні — ұлттық болмыстың үні, тарих пен тағдырдың тынысы. Сол кеште шырқалған әр әуен жас тыңдаушылардың жүрегінен орын алып, бірлік пен өзара түсіністіктің алмас көпірін қалады.
Аспанды жаңғыртып, түн тыныштығын жарып өткен ерекше сәттердің бірі — дрондар шоуы болды. Көк жүзінде қалықтаған жүздеген дрон жарығы бір мезетте бейнеге айналып, көрермендердің көз алдында Қазақстан Қарулы Күштерінің рәміздерін бейнелеп, одан кейін Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының ерлік символына айналған батыр қыз Әлия Молдағұлованың көркем портреті әуеде қалықтап шықты. Бұл — нағыз техникалық және рухани шеберліктің тоғысы, ел жастарына ұмытылмас әсер сыйлаған тарихи мезет болды. Дрондар шоғыры арқылы қазақтың батыр қызының бейнесі көк аспанға жазылып, тарих пен болашақ арасындағы алтын көпірдің символына айналды. Сол бір сәтте алаңдағы әр жас жүректің лүпілі бір арнаға тоғысқандай, көзіне жас алғандар да, жүзі бал-бұл жанғандар да болды. Бұл — ұлт рухын көкке көтерген технологияның ғана емес, халық жадында мәңгілік қалатын рухани көріністің, жүрек тербеткен тағылымның жарқын мысалы болды.
Осылайша, бір кештің аясында біртұтас елдің балалары достасып, патриотизм мен бейбітшіліктің, өзара құрмет пен рух биігінен табысып, көк аспан астында — ел рәміздерімен, ерлік бейнесімен рухтанып тарасты. Бұл — тек жиын емес, бұл — жүрекке жазылған, ұлт болашағына сенім ұялатқан, ертеңгі күнге деген үмітті асқақтатқан ұлы кеш еді.