RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түлкібастың туризм картасына жаңа тыныс: өңірде құны 2,3 миллиард теңгені құрайтын үш ірі жоба жүзеге аспақ

Табиғаты тамаша, тарихи-мәдени қазыналары бай Түлкібас өңірі – туризм саласын дамытуға зор әлеуеті бар аумақтардың бірі. Өңірге келетін саяхатшылардың саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы төрт айының өзінде ғана бұл аймақты 5 670 турист тамашалап үлгерді. Бұл – тек бастамасы. Өйткені алдағы уақытта өңірдің туризм әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылады деп жоспарлануда.

Қазіргі таңда Иірсу елді мекенінің маңында 100 гектар аумақты қамтитын заманауи спорт, мәдени, емдік-сауықтыруға арналған рекреациялық кешен салу жобасы толық әзірленіп, облыс әкімшілігіне ұсынылған. Бұл бастама – өңірдің демалыс индустриясын жаңа деңгейге көтеруге арналған қадамдардың бір парасы ғана.

Сонымен қатар, 2025 жылдың еншісіне жоспарланған жалпы құны 2,3 миллиард теңгені құрайтын үш ірі туристік жоба Түлкібастың тартымдылығын арттыра түспек. Атап айтқанда, Қараағашты ауылындағы «Ақсу-Жабағылы» оңалту-сауықтыру кешенін қайта құрылымдау жұмыстары басталады. Жоба аясында шипажайдың сыйымдылығы 500 орынға дейін ұлғайтылып, қызмет көрсету сапасы заманауи стандарттарға сәйкестендірілмек. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың желтоқсан айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Ал Кершетас ауылында жеке кәсіпкер Патсаев Кәкімханның бастамасымен бой көтерген туристік аймақ жобасы бүгінде толық аяқталып, іске қосылған. 150 миллион теңге көлеміндегі инвестицияға негізделген нысан – өңір туризміндегі тағы бір тартымды мекенге айналмақ.

Сол секілді Машат ауылында жеке кәсіпкер А.Бакеевтің демалыс аймағы бой көтеріп, құрылысы аяқталып, құжаттары заңдастырылу сатысында тұр. Бұл жобаға 200 миллион теңге көлемінде қаржы салынған. Табиғатпен үндес, тынығуға таптырмас мекен болатын бұл демалыс орны да көп ұзамай өз жұмысын бастайды.

Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда өңірде қосымша 175 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті халық үшін тұрақты табыс көзі пайда болмақ. Бұл тек экономика үшін емес, әлеуметтік тұрақтылық пен ауыл жастарының еңбекпен қамтылуы тұрғысынан да маңызды жетістік болмақ.

Түлкібас ауданы өзінің табиғи байлығын, тарихи мұрасын және мәдени ерекшелігін тиімді пайдалана отырып, туризм саласында қарқынды қадамдар жасап келеді. Инфрақұрылым дамып, жаңа демалыс орындары ашылған сайын, бұл өңірдің еліміздің ең тартымды туристік бағыттарының біріне айналары сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкенттен Мюнхенге тікелей әуе рейсі ашылады

redaktor_rastimes

Түркістан – жаңа инвестициялық дәуірге қадам: халықаралық форумда ірі жобаларға жол ашылды

redaktor_rastimes

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы: 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды

admin_rastimes

Пікір жазу