Ауылдың тіршілігі – елдің тынысы. Еңбегімен еленген елдің берекесі де, ырысы да мол. Осындай еңбек пен ізденістің көрінісіндей, Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе ауылында сүт өңдеуді кәсіп еткен «Майтөбе сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бүгінде ауданның абыройын асырып, жергілікті экономиканың тамырына қан жүгіртіп отыр.
Өткен жылы Мемлекет басшысы бастамашы болған «Ауыл аманаты» бағдарламасының шапағатымен өмірге келген бұл өндіріс орны алғашқы кезеңде тәулігіне 1 тонна сүтті өңдеп, халыққа айран, қаймақ, сүзбе, сары май, ірімшік пен құрт, чечель сынды дәмі тіл үйіретін өнімдер ұсынумен шектелген болатын. Алайда сапалы әрі табиғи өнімге деген сұраныс күн санап артып, цехтың өнім көлемін арттыру қажеттілігі туындады. Қазірдің өзінде кәсіпорын қуаттылығын үш есеге арттырып, тәулігіне 3 тоннаға дейін сүт өңдейтін деңгейге жетті. Бұл – ауылдағы бір кәсіптің ауданға ғана емес, аймаққа пайда әкелуге бет алғанының жарқын дәлелі.
Кәсіпорын жұмысының қарқынына және болашақ жоспарларына қанығу мақсатында Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев және тиісті сала мамандары өндіріс орнына арнайы барып, жаңа жобалармен танысты. Кәсіпкердің табандылығы мен техникалық әлеуетін жоғары бағалаған аудан басшылығы цехтың даму жоспарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Айта кету керек, қазіргі таңда кооператив екі ауысыммен жұмыс істейді. Он сегіз адам тұрақты түрде еңбек етуде. Бұл – ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрақты табыс көзіне ие болып отырғанының айғағы. Ал болашақта өндіріс аясын кеңейтіп, қосымша жұмыс күшін тарту жоспарда бар. Бұл өз кезегінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етпек.
Цехты қайта жабдықтау және өндірістік қуаттылығын арттыру жұмыстарына 80 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Бұл – жай ғана қаржы емес, жергілікті кәсіпке берілген сенім мен демеудің көрінісі.
Сапаға ерекше мән берген «Майтөбе сүт» кооперативі экологиялық тұрғыдан таза, ешқандай қоспасыз өнім шығаруға ден қойып отыр. Бұл олардың өнімін дүкен сөрелерінен іздейтін тұтынушылар қатарының көбеюіне жол ашты. Тіпті, өңірден тысқары жерлерден де сұраныс түсіп жатқан көрінеді.
Түлкібастағы осы бір шағын ғана өндіріс орнынан бастау алған үлкен іс – ауылды дамыту жолындағы нақты қадам. Бұл – мемлекеттік бағдарламаның тиімді жүзеге асып, нақты нәтижесін бергенінің бір мысалы. Ауылдық жерде де әлемдік стандартқа сай, сапалы өндіріс жүргізуге болатынын дәлелдеген «Майтөбе сүт» кооперативінің табысты қадамы өзге өңірлерге де үлгі болса игі.
Осынау сүттен нәсіп терген кәсіпорын – ел экономикасының тамыры ауылда екенін дәлелдеп тұрғандай. Табиғи өнімге деген сенімді арттырып, отандық нарықты сапалы тауармен қамтып отырған өндіріс орнынан сүттің емес, тірліктің иісі аңқиды. Ал мұндай берекелі бастамалар – ел ертеңіне деген сенімнің сүттей ақ жолы.