Түлкібас төрінде жол сапасы мен өндірістік қуат қатар жаңғырып, өңірдің келбеті күн санап жақсарып келеді. Биыл ауданда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында нақты әрі жүйелі жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеу арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру. Аудан бойынша жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын 18 көше жөнделмек. Бұл бағытта қазірдің өзінде нақты жұмыстар қолға алынып, мердігер мекемелер анықталған. Жөндеу жұмыстары бүгінде аудан орталығындағы Бекбосынов, Садықов, Абиров, Құланды, Зерде және Достық көшелерінде қызу жүріп жатыр.
Осы атқарылып жатқан жұмыстармен елді етене таныстыру үшін арнайы баспасөз туры ұйымдастырылып, өңірге келген журналистер мен ақпарат құралдарының өкілдері көше-көше аралап, жобалардың барысына куә болды. Айта кету керек, мұндай ашықтық – билік пен бұқараның арасындағы сенім көпірін одан әрі нығайта түспек.
Сондай-ақ, Түлкібас кентіндегі Көбей, Байсеріков, Шыңғысбеков көшелерін және аудандық маңызы бар «Алғабас–Түлкібас» автомобиль жолын жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Бұл жолдардың құрылыс жұмыстары толық аяқталған жағдайда, аудандағы ішкі жолдардың қанағаттанарлық деңгейі 89 пайызға жетпек. Бұл – тек бір көрсеткіш емес, тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдететін, жайлы тіршілікке бастайтын нақты қадам.
Баспасөз өкілдері бұдан бөлек, «Түлкібас әк зауыты» ЖШС-де жүргізіліп жатқан қайта құрылымдау жұмыстарының барысымен де танысты. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорын жылына 22 мың тонна әк өндіруге қауқарлы. Дегенмен, заман талабына сай өндірісті ұлғайту мақсатында кәсіпорын басшылығы құрылымды кеңейтіп, жылдық қуаттылығын 150 мың тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Ол үшін қаржы ұйымдарымен жеңілдетілген несие алу бағытында келіссөздер жүргізілуде.
Зауыт толық жаңғырған соң 50 жаңа жұмыс орны ашылып, тек өндіріс емес, өңірдің әлеуметтік тынысы да кеңейе түспек. Бұл бастама – бір ғана кәсіпорынды жаңғыртумен шектелмейді. Ол – отандық өндірістің әлеуетін арттырып, ел нарығындағы сұранысты өзімізден қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.
Бүгінде Түлкібастың әр көшесінде жаңғыру желі есіп, әр нысанында серпін сезіледі. Бұл тек бір ауданның өркендеуі емес, бұл – «Ел болам десең, жолыңды түзе» деген қағиданың айқын көрінісі. Аудан көшелері жаңарып, өндіріс орны қуат алып, еңбек нарығы кеңейіп жатқанда, халықтың үміті мен сенімі де еселене түсері анық.