Биыл Түркістан өңіріндегі 1093 мектепте 553 мыңнан астам бала білім алып, солардың арасынан 33 мыңнан аса шәкірт мектеп қабырғасымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басуға дайын отыр. Осыған орай, мектеп бітірушілерге аттестат табыстау іс-шараларын қауіпсіз әрі тәртіпке сай өткізу мәселесі ерекше назарға алынды. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында дәл осы тақырып кеңінен талқыланды. Жиынға облыстық білім басқармасының, полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылары, сондай-ақ 17 аудан мен қаланың әкім орынбасарлары онлайн және офлайн форматта қатысты.
Жиынды ашқан Бейсенбай Дәулетұлы соңғы қоңырау кезінде тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік тиісті деңгейде қамтамасыз етілгенін атап өтіп, енді кезек аттестат табыстау рәсімдеріне келгенін ескертті. Ол аттестаттар тек мектеп қабырғасында, ресми форматта табысталуы тиіс екенін нақтылап, мектеп директорлары, сынып жетекшілері, ата-аналар мен кәсіп иелеріне заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіру қажеттігін қадап айтты. Қоғамдық орындарда, мейрамханаларда немесе табиғат аясында ұйымдастырылатын жиналыстар мен кештерге жол берілмеуі тиіс екенін ескертіп, заң талаптары бұзылған жағдайда айыппұл мен өзге де шаралардың қолданылатынын нақтылады. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында екенін атап өтті.
Кеңесте Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова бітіруші түлектерге арналған аттестат тапсыру шараларының өткізілу тәртібі туралы баяндады. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ермек Өсербаев құқықтық тәртіп пен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы дайындық жұмыстары туралы айтып өтті. Сондай-ақ төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Дүйсен Оразгелді таулы аймақтарға серуендеу және суға түсу маусымындағы сақтық шаралары туралы баяндама жасады. Бұл ретте келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін үгіт-насихат жұмыстарының күшейтілетіні айтылды.
Жиында сөз алған Түркістан облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Оразкүл Қолдасова кәмелетке толмаған жасөспірімдердің психологиялық қауіпсіздігіне тоқталып, өз-өзіне қол жұмсау секілді оқиғалардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Сонымен бірге Төлеби, Түлкібас және Сайрам аудандары әкімдерінің орынбасарлары да өз өңірлерінде жоспарланған іс-шаралар жайында қосымша ақпарат ұсынды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев аттестат табыстау рәсімдерінің әр мектепте бекітілген ереже мен талаптарға сәйкес, қауіпсіз әрі тәртіпті түрде өткізілуі тиіс екенін қайта еске салды. Сонымен қатар жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, кез келген іс-шараға бақылау орнатып, мектепішілік және сынып жетекшілері тарапынан тәрбиелік бағыттағы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін тапсырды.
Осылайша, Түркістан өңірінде биылғы түлектерді үлкен өмірге шығарып салу рәсімі тек салтанатпен емес, жауапкершілікпен де өрілмек. Білім мен тәрбиені қатар ұстаған бұл көзқарас – өскелең ұрпақтың амандығы мен болашағына жасалған маңызды қадам.