RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Төлеби төрінде балалар шаттыққа бөленді: Түркістанда заманауи модульді лагерь есігін ашты

Балалық шақтың бал күндерін есте қаларлық етіп өткізу – әр ұрпаққа жасалатын үлкен қамқорлық. Осы ұлы мұратты бағдар еткен Түркістан облысында жазғы маусым балаларға ерекше тартуымен басталды. Төлеби ауданы аумағында заманауи үлгіде жабдықталған модульді лагерь пайдалануға беріліп, шынайы шаттықтың, болашаққа бағытталған игі істің жарқын көрінісіне айналды. Табиғат аясында орналасқан бұл лагерьде жаз бойы 2000-нан астам бала тынығып, тәрбиеленіп, шығармашылығын ұштап қайтады.

«Төлеби нұры» отбасы үлгісіндегі балалар үйінің базасында бой көтерген жаңа нысан алғашқы ауысымда Қазығұрт ауданынан келген 300-ден астам баланы қабылдап үлгерді. Олардың дені — көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары. Бұл – тек жазғы демалыс емес, өмірге сенім ұялататын қамқорлық алаңы.

Ашылу салтанатына арнайы келген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жас буынды құттықтап, бұл бастаманың мәні мен маңызын атап өтті. Оның айтуынша, лагерлер құрылысы – жай нысан салу емес, елдің ертеңіне салынған рухани инвестиция. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалардың демалысын, бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізу үшін облыс аумағында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді нысан бой көтеріп, 7500-ден астам қосымша орынмен қамту мүмкіндігі пайда болды.

Сапар барысында Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» лагері де өз жұмысын бастап, алғашқы 487 баланы қабылдағаны айтылды. Бейсенбай Дәулетұлы: «Балалардың қуанышты жүзін көру — ең үлкен марапат. Енді басты міндет — балаларға тек шаттық пен қауіпсіз орта сыйлау. Осы орайда барлық ұйымдастырушыларға, тәрбиешілерге және ата-аналарға шынайы алғыс айтамын», – деді.

Салтанатты рәсімге облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нұрпейісов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары М.Әшірбаев, Төлеби ауданы әкімдігі мен білім бөлімінің өкілдері, ауыл ақсақалдары қатысты. Ардагерлер бұл игі іске мұрындық болған азаматтарға батасын беріп, алғыс айтты.

Лагерьдің инфрақұрылымы толық жаңартылған. 14 модульді жатақжай, заманауи асхана, жүзу бассейні, ұл-қыздарға жеке санитарлық орындар, арнайы шатырлар мен ойын алаңдары балаларға барлық жағдайды жасайды. Әр модульде 20 балаға арналған жаңа жиһазбен жабдықталған жатын бөлмелер бар. Күн тәртібі де бала денсаулығы мен қызығушылығына сай жүйеленген. Бес мезгіл тағам, интеллектуалды және спорттық ойындар, мәдени шаралар – барлығы толық ұйымдастырылған.

Жазғы лагерь – бұл жай ғана тынығатын орын емес, тұлға қалыптастыратын тәрбие мектебі. Мұнда әрбір бала жаңа достар тауып, шығармашылық қабілетін ашады, спортта шыңдалады, көшбасшылық қасиетін дамытады. Ең бастысы – ол әлеуметтік теңдікті насихаттайтын, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіретін орта. Көшедегі қауіптен алыстатып, тәртіп пен жауапкершілікке баулиды.

Айта кетейік, биыл Түркістан өңірінде 43 мыңнан астам оқушы жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады. 10 мемлекеттік және 24 жекеменшік лагерь жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, 300 мыңнан астам бала мектеп жанындағы лагерьлерде және түрлі экскурсиялар мен танымдық жобаларға қатысып, жазын мазмұнды өткізуге мүмкіндік алады.

Төлеби төрінде ашылған бұл лагерь – сол бастамалардың бірі ғана. Бірақ оның артында – сан мыңдаған баланың арман-үміті мен ел болашағына деген сенім жатыр.

Ұқсас жаңалықтар

Сауран серпіні: Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өркендеп, жаңа жұмыс орындары ашылады

redaktor_rastimes

Қазақстандық ұстаз әлем чемпионатында екі алтын медаль иеленді

redaktor_rastimes

Түркістан руханиятының жаңа тынысы: «TMDT LIVE» шығармашылық кеші өнер мен өркениеттің үндестігін көрсетті

redaktor_rastimes

Пікір жазу