RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Төлеби – ауыл мен қаланың дамуы үндескен өңір

Төлеби ауданы соңғы жылдары қарқынды дамып, ауыл шаруашылығы, білім, өндіріс және тұрғын үй құрылысы бағытында жүйелі жобаларды қолға алып, өңір тынысына серпін беруде. Жуырда осы аймақтағы ілкімді істердің жай-күйімен танысу мақсатында ұйымдастырылған баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері ауданның бірнеше маңызды нысандарын аралап, жаңа бастамаларға куә болды.

Ауданның Абай ауылында бүгінде ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мұнда көлемі 138 гектарды қамтитын алма бағы егілген. Ерекшелігі – бұл алқапқа отырғызылған 300 мыңға жуық алма көшеті түгелдей Италиядан жеткізілген. Жобаның жалпы құны – 1,65 млрд теңге. Алма бауы тамшылатып суғару жүйесімен жабдықталған, бұл – ылғалды тиімді пайдаланудың және өнім сапасын арттырудың заманауи тәсілі. Су көзін тұрақты қамтамасыз ету үшін шаруа 3–4 шақырым биіктіктен арнайы «Қошқарата» су тоғанын соққан.

Бүгінде бауда алманың төрт түрлі элиталы сорты – Гренни Смит, Айдаред, Голден Делишес және Гала өсірілуде. Шаруашылық бұл жұмыстармен ғана шектелмей, биыл жемісті өңдеуге арналған табиғи шырын өндіретін цех ашуды жоспарлап отыр. Цехтың қуаттылығы – тәулігіне 1 тонна өнім. Бұл жобаның құны – 682,4 млн теңге. Сонымен қатар, жеміс өнімдерін ұзақ мерзімге сақтау үшін 500 тонналық арнайы қойма құрылысы да аяқталуға жақын. Бұл – жеке қаржы есебінен салынған бастама.

Баспасөз туры аясында тілшілер аудан орталығындағы медицина және педагогика бағытында кадр даярлайтын колледждің жұмысымен де танысты. Бұл білім ордасы 580 балаға арналған және 10 түрлі бағытта маман дайындайды. Ең бастысы – колледж жеке қаражат есебінен салынған. Ғимарат құрылысына 150 млн теңге жұмсалып, өңір жастарына сапалы білім алуға зор мүмкіндік жасалған.

Сонымен қатар, Ленгір қаласында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы да көпшіліктің назарын аударды. Мұнда бес қабатты үш тұрғын үй салынуда. Жалпы құны – 2 млрд 79,2 млн теңге болатын бұл нысан 156 пәтерден тұрады. Жалпы аумағы – 10 026 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр, алдағы жылы, яғни 2025 жылдың қазан айында жаңа үйлер өз иелерін табады деп күтілуде. Бұл – өңірдегі тұрғын үй тапшылығын азайтып, жүздеген отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Баспасөз туры барысында тілшілер Бірінші Мамыр ауылындағы асфальт-бетон шығаратын зауыттың тыныс-тіршілігімен де танысты. Жылына 43 мың тонна өнім өндіретін бұл өндіріс орнында 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыттың жалпы құны – 110 млн теңге. Ауылдық жерлерде осындай өндірістің жұмыс істеуі – тек инфрақұрылым емес, әлеуметтік ахуалды да жақсартуға ықпал ететіні анық.

Сонымен қатар, журналистер 1998 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан балмұздақ өндіретін цехқа да барды. Мұнда жылына 3 мың тоннаға жуық балмұздақ пен 15 тонна тұшпара шығарылады. 125 адам еңбек ететін бұл өндіріс орны – өңірдің азық-түлік өнеркәсібіндегі жетекші кәсіпорындардың бірі саналады.

Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар – өңірдің әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл мен қаланың тынысын тең ұстауға мүмкіндік беретін өміршең бастамалар. Инвестиция, инновация және игілікке негізделген әрбір жоба – халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Осындай ілгерілеу арқылы Төлеби тек Түркістан өңірінде ғана емес, республика көлемінде дамудың жарқын үлгісіне айналуда.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан мен Катар қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастықты нығайтады

Жыл ішінде табиғатты қорғау бағытындағы оң өзгерістер

redaktor_rastimes

Арал теңізіне 200 млн. текше метр су жіберілді

Пікір жазу