Көне тарих пен рухани жаңғырудың алтын бесігіне айналған Түркістан төрінде ұлттық өнер мен мәдениетті ұлықтаған «Өнерлі өлке» атты облыстық дәстүрлі өнер фестивалі биылғы жылы ерекше бір шуағымен, шексіз шабытымен жалғасын тауып, өнерсүйер қауымды шаттыққа бөледі. Бұл жолы сахна төрінде Жетісай мен Отырар аудандарының өнер ұжымдары өзара сынға түсіп, көрерменге қазақтың кең тынысты рухын, салт-санасын, ұлттық бояуын жан-жақты паш етті. Қала тұрғындары мен қонақтарының қошеметіне бөленген дүбірлі думанда ақындар айтысы мен дәстүрлі термеден бастап, ұлттық аспаптар ансамбльдері, эстрадалық ән мен би өнері, вокалды-аспаптық топтар, әжелер ансамблі атанған «Ауылдың алты ауызы», салт-дәстүр көріністеріне дейін қамтылып, сахнада халықтың байтақ болмысын айғақтаған көркем дүниелер жаңғырды. Фестиваль аясында өңір мақтаныштары – Әділхан Мәлік пен Бақыт Сраилов сынды өнер иелерінің шығармалары мен қолөнер шеберлерінің көрмесі, ауданның жетістіктерін танытатын фото және кітап көрмелері жұртшылық назарына ұсынылып, қазақы құндылықтар мен ұлттық рухты тереңнен дәріптеді. Биылғы фестиваль ережесіне енгізілген жаңалықтар да байқауға тың серпін берді: байқау үш кезеңнен тұрып, жеребе арқылы жұптасқан аудан-қалалар өзара жарысқа түсіп, үздіктер келесі айналымға өтсе, ақтық кезеңде ең үздік өнер ұжымдары анықталатын болады. Қатысушылардың өнері жанрлық ерекшелікке, ұлттық нақышқа, сахналық мәдениетке және ұйымдастырушылық деңгейге сай кәсіби қазылар алқасы тарапынан бағаланды. Қазылар құрамында еліміздің мәдениет саласының үздіктері мен білікті мамандар – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, ақын әрі Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, халықаралық айтыс одағының облыстық филиалының төрағасы, айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор әрі Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ оқытушысы Әлімбай Ботақараев, сондай-ақ орталықтың хореограф маманы Ақниет Әмзехан сынды белгілі тұлғалар болды. Елдің рухани өміріне серпін беретін бұл фестивальдің басты мақсаты – ұлттық мәдениетті насихаттау, халық шығармашылығын жаңа деңгейге көтеру, жас ұрпақтың бойына өнер мен тәрбиені қатар сіңіру, сондай-ақ Түркістан өңірінің мәдени-туристік әлеуетін таныту. Айта кетерлігі, бұл ауқымды шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Облыстық мәдениет басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мамыр айынан шілдеге дейін жалғасады. Осындай руханият пен өнердің тоғысқан тағылымды алаңында Жетісайдың өнерпаздары жарқырап көрініп, өнердің өлмес шуағын халықпен бөлісе білді.