Төлеби ауданында экономиканың барлық салалары тың серпінмен дамып, өндіріс өрістеп, инвестициялық әлеует артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 53,1 миллиард теңгеге жетіп, өңірдің өсім қарқыны мен дамуға деген ұмтылысын айғақтап отыр. Бұл көрсеткіштің 57,2 пайызы өнеркәсіп, 21,9 пайызы ауыл шаруашылығы, 18,7 пайызы сауда, ал 2,2 пайызы құрылыс саласына тиесілі. Бұл туралы аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында мәлім етті. Оның айтуынша, жыл басынан бері Төлеби өңіріне 13,1 миллиард теңге инвестиция тартылған, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 4,5 миллиард теңгеге артық. Өнеркәсіп саласы да даму үстінде: биыл бұл салада 30,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, жалпы құны 6,5 миллиард теңгені құрайтын төрт ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Төңкеріс елді мекенінде қуаттылығы 3,2 мВт/сағат болатын «Тауэнерго» ЖШС-нің шағын гидроэлектростанциясы мен Сарқырама ауылында қуаттылығы 2 мВт/сағат болатын «Jasyl Quat» ЖШС-нің шағын ГЭС құрылысы қолға алынған. Ал Леңгір қаласында жылына 90 мың дана қысқы жұмыс киімдерін тігетін «KAZPLAST» ЖШС-нің тігін фабрикасы іске қосылмақ. Сонымен бірге, «З-Энергетик СНГ» ЖШС тарапынан тағы бір ГЭС құрылысы басталады. Өндірістік бағыттағы бастамаларды қолдап, жаңа кәсіпорындарға жол ашу үшін аудан аумағында, нақтырақ айтқанда, Шымкент қаласына шекаралас Киелітас ауылдық округінен 100 гектар жерге индустриялық аймақ құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақтың бір бөлігін қамтитын 14 гектар жерге шағын өндірістік парк салу жоспарда бар. Жоба аясында жалпы құны 20 миллиард теңгеге тең келетін бес ірі өндіріс орны бой көтеріп, 400 адам жұмыспен қамтылмақ. Еңбек нарығын дамыту мақсатында 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдама аясында биылғы бес айда 2 476 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 676-сы тұрақты болса, 1800-і уақытша жұмыс орындары ретінде тіркелген. Туризм саласы да ауданда қарқын алып келеді. Қазіргі таңда өңірде демалушыларға қызмет көрсететін 254 туристік нысан жұмыс істейді. Биыл бес ай ішінде 22 500 адам ауданға саяхаттап келген. Ал 2025 жылы жалпы құны 4,2 миллиард теңге болатын 12 туристік жоба іске асып, 151 адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілмек. Шағын және орта кәсіпкерлік саласы да ауданда негізгі тірекке айналды. Қазіргі таңда бұл салада 10 831 кәсіпкер тіркеліп, 14 405 адам еңбек етуде. Биылғы жылдың алғашқы айларында 41,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Халықты тұрғын үймен қамту мәселесі де назардан тыс қалған емес. Алдағы үш жыл ішінде 520 пәтерді қамтитын 10 көпқабатты тұрғын үй бой көтермек. Ал биыл 5 қабатты 156 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, ел игілігіне берілмек. Аудан халқының тұрмыс сапасын арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда ауданға қарасты 55 елді мекеннің тұрғындары 100 пайыз табиғи газ және орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Аудандық маңызы бар жолдардың 170 шақырымының 95,6 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Осылайша, таулы өңір Төлеби – даму мен өрлеудің жаңа сатысына қадам басып келеді.