RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҢБАСЫНА ТАҒЗЫМ: ТҮРКІСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Көк байрақ желбіреген, күмбір күй мен шабытты жыр өрілген Түркістан төрінде, ел рухын асқақтатқан тағылымды іс-шара өтті. «Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің белгісі» атты мазмұны терең, тәрбиелік маңызы зор жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналды. Шараны Түркістан қаласы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты Тілдерді оқыту және дамыту орталығы ұжымымен бірлесе ұйымдастырып, елдік мұрат пен ұлттық болмысты дәріптеудің жарқын үлгісін көрсетті.

Іс-шара шымылдығы асқақ Әнұранмен ашылды. Залда отырған әр жүрек ұлт мақтанышына айналған Гимнді тебірене шырқап, көкірек керіп мақтанышпен үн қосты. Бұл – ұлт жүрегінің соғысы, бұл – ел болмысының үні.

Жиында көрсетілген бейнеролик пен өткізілген викториналық сауалнама халықтың рәміздерге деген ықыласы мен танымын кеңейте түсті. Шараға арнайы қатысқан Түркістан облыстық мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тұрсынай Шаметова жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, рәміздердің ел болмысы мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына терең тоқталды.

Жас буын мен қос мекеме қызметкерлері мемлекеттік рәміздер туралы танымдық деректермен танысып, көкірек көзін оятар патриоттық өлеңдер оқыды. Күмбірлеген күйдің сарыны, Тудың шексіз кеңістіктегі тербелісімен үндесіп, тыңдаушыны ел тарихының терең қатпарына жетелегендей әсер қалдырды.

Іс-шара барысында Түркітілдес кітапханасының кітапханашысы Гүлвера Абдуллаева рәміздеріміздің терең мағынасы жайлы мазмұнды баяндама жасады. Оның сөзінде көк Тудың бейбіт аспанымыздың нышаны екені, күн мен қыран бейнесінің болашаққа ұмтылған ел үмітінің көрінісі екені айтылды. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков. Елтаңбада бейнеленген шаңырақ пен қос пырақ, бесжұлдыз – қазақтың ғасырлар қойнауынан жеткен бірлік пен тұтастық идеясын бедерлейді. Оның авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов. Ал ел рухын айқындайтын Әнұранның авторлары – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев, әнін жазған – Шәмші Қалдаяқов.

Кеш барысында көрермендер рәміздерге қатысты білімдерін ортаға салып, сұрақтарға жауап беріп, ел тарихынан сыр шерткен көрмелермен танысты. Мемлекеттік рәміздер бұрышы ұлттық нақышпен безендіріліп, елдік сана мен патриоттық рухтың мәйегін паш етті.

Жиын соңында орталық директорының орынбасары Жанерке Такибаева сөз алып, қатысушыларға алғысын жеткізді. Түркістан көпсалалы қолөнер колледжінің белсенді жастарына арнайы сый-сияпат табысталды. Тағылымды жиын ақын Әйгерім Жұмабайдың Отанға арналған жүрекжарды патриоттық жырымен түйінделді. Жырдан төгілген әр жол – туған елге деген сүйіспеншіліктің асқақ нышанына айналды.

Бұл іс-шара — тек мереке емес, ұлттық болмысқа құрмет, Тәуелсіздіктің таңбасына тағзым, ұрпақтың жүрегіне елдік рух пен мәңгілік мұрат ұялатқан маңызды қадам болды.

Ұлттық рәміздер — Тәуелсіз Қазақстанның тілімен емес, рухымен сөйлейтін үнқатысушысы. Қастерлеп, ұлықтау — әрбіріміздің ұлы парызымыз!

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысы Король II Абдалланы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады

АРЫСТАҒЫ БАЙЫРҚҰМҒА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

redaktor_rastimes

Түркістан мен Маңғыстау: ынтымақтастық көпірі

redaktor_rastimes

Пікір жазу