RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Татулықты ту еткен жастар: Түркістанда «Татулық – табылмас бақыт» пікірталас алаңы өтті

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» елдің бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға арналған тағылымы терең, мазмұны мағыналы іс-шара – «Татулық – табылмас бақыт» тақырыбындағы пікірталас алаңы өз жұмысын бастады. Жастардың саяси сауаттылығын арттырып, ел ішіндегі ынтымақ пен өзара түсіністікті насихаттауға бағытталған бұл басқосу Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамаларына үн қосып, жастардың пікір алмасу мен ашық диалог мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ ұйытқы болып өткізді. Алаңға облыстық, аудандық, қалалық деңгейдегі этномәдени бірлестік жетекшілері мен белсенді мүшелері, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері, сондай-ақ облыстық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері қатысты.

Пікірсайысты белгілі журналист, қоғамдық пікір көшбасшысы Самат Сүлей жүргізіп, қатысушыларды алаңның ережесімен және негізгі мақсатымен таныстырды. Татулықты ұран еткен ой алаңында жастар қоғамдағы өзекті тақырыптар мен ел ішіндегі тұрақтылықтың маңыздылығын жан-жақты талқылап, өз көзқарастарын еркін жеткізуге мүмкіндік алды.

Спикерлер қатарында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Надыржан Хасантаев, аталған ұйымның белсенді жастары Жанель Мустафаева мен Даниер Дадаев, сондай-ақ Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің маманы Үлбір Ізтілеу сөз алып, бүгінгі ұрпақ үшін бірлік пен өзара құрметтің маңыздылығы жайлы жүрекжарды ойларымен бөлісті.

Іс-шараның мазмұнын байыта түскен сарапшылардың қатарында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев, Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Түркістан облысы бойынша өкілдігінің бас маманы Нұржау Құдайберген және Сауран аудандық «Жастар ресурстық орталығының» психолог маманы Диана Әжібай болды.

Пікірталас барысында қатысушылар ел ішіндегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың арқауын қалай сақтау керек деген маңызды мәселелер төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салып, жастар арасындағы достықты нығайту, рухани құндылықтарды дәріптеу, патриоттық сананы қалыптастыру сынды бастамаларды көтерді. Сондай-ақ психологиялық қолдау, медиативті әдістер, азаматтық жауапкершілік тақырыптары да назардан тыс қалмады.

Осылайша, «Татулық – табылмас бақыт» атты пікірсайыс алаңы Түркістан жастары үшін тек ой жарысы ғана емес, ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың үнқатысу алаңына айналып, көпэтносты қоғамдағы үйлесімді өмір сүрудің формуласы – өзара түсіністік пен татулық екенін тағы бір дәлелдеді.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 172 НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

redaktor_rastimes

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 500 МЫҢНАН АСТАМ АҒАШ ЕГІЛДІ

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 142 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛЕДІ

redaktor_rastimes

Пікір жазу