Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» ел бірлігі мен қоғамдық келісім идеяларын насихаттауға арналған маңызды іс-шара – «Татулық – табылмас бақыт» атты пікірталас сайысы жоғары деңгейде өтті. Бұл игілікті бастаманы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырып, түрлі сала өкілдерінің басын қосты.
Ашық форматта өткен пікірталас алаңының мақсаты – көпэтносты еліміздегі тұрақтылықты сақтаудың маңызын ұғындыру, жастардың бойында бейбітшілік пен татулыққа деген жауапкершілікті қалыптастыру, олардың қоғамдық мәселелерге бейжай қарамай, ел болашағына қатысты өзіндік көзқарасын қалыптастыру еді.
Пікірсайыс алаңына облыстық, аудандық және қалалық деңгейдегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық өкілдігінің белсенділері, сондай-ақ облыстық «Жастар ресурстық орталығының» мамандары қатысты. Модераторлық міндетті белгілі журналист, қоғамдық пікір көшбасшысы Самат Сүлей атқарып, қатысушыларға пікірсайыс ережесі мен алаңның мән-маңызын жан-жақты түсіндірді.
Спикерлер қатарында «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Надыржан Хасантаев, ұйымның белсенді мүшелері Жанель Мустафаева мен Даниер Дадаев, сондай-ақ Түркістан қалалық «Жастар ресурстық орталығының» маманы Үлбір Ізтілеу өз ойларымен бөлісіп, тақырып аясында келелі ұсыныстарын ортаға салды. Олар татулықтың қадірін, бірлік пен келісімнің ел дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін өз пайымдары арқылы жеткізді.
Сарапшылар қатарында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев, өзбек этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов, Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Түркістан облысы бойынша бас маманы Нұржау Құдайберген және Сауран аудандық «Жастар ресурстық орталығының» психолог маманы Диана Әжібай болды. Сарапшылар пікірталастың мазмұнын жоғары бағалап, жастардың азаматтық белсенділігі мен толымды ой-пікірлеріне оң бағаларын берді.
Жиын соңында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева шараға белсене қатысқан барлық спикерлерге алғыс білдіріп, арнайы марапаттар табыстады. Сонымен қатар, жастарды ел бірлігін нығайту жолында белсенділік танытып, татулық пен достық идеясын насихаттауға шақырды.
Бұл пікірталас алаңы Түркістандық жастар үшін тек бір реттік іс-шара емес, олардың қоғамдағы рөлін арттырып, ортақ құндылықтар аясында ұлт бірлігін сақтауға арналған үнқатысу алаңы ретінде есте қалды.