Бүгінде еліміздегі бірлік пен ынтымақты дәріптейтін, бейбітшілік пен келісімді басты құндылық ретінде ұлықтайтын игі бастамалардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық керуені» жобасы. Бұл жоба ел ішінде татулық пен тұрақтылықты, түрлі этнос өкілдерінің арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты тереңдетуге бағытталған кешенді іс-шаралар жүйесі ретінде қоғамда ерекше рөл атқарып келеді. Осы жолғы рухани керуен Түркістан облысына қарасты Сауран ауданы мен Кентау қаласына аялдап, тағылым мен тәрбиесі мол жиындармен жалғасын тапты.
Аталған іс-шараны ұйымдастырушы – Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы және осы құрылымға қарасты «Қоғамдық келісім» КММ. Бұл мекеме өз жұмысын елдегі қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық қарым-қатынастарды үйлестіру, азаматтық қоғам институттарын дамыту, жалпыұлттық бірлік пен патриотизмді дәріптеу бағытында жүйелі жүргізіп келеді. Жоба аясында әрбір ауданда, әрбір елдімекенде тұрғындармен ашық сұхбат құру арқылы ел ішіндегі өзекті мәселелерді талқылап, тиімді шешу жолдарын қарастыруға мән беріледі.
«Достық керуені» жобасының басты мақсаты – өңірлік деңгейдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы этномәдени бірлестіктердің мүшелерін халықпен тығыз байланыс орнатуға тарту, сондай-ақ этносаралық саладағы әлеуетті тәуекелдердің алдын алу үшін түрлі мақсатты топтармен, әсіресе жастармен, мәдени және қоғамдық құрылым өкілдерімен диалог құру. Яғни бұл бастама – қоғамдағы кез келген пікір мен бастаманы ашық талқылап, ортақ мүдде төңірегінде бірігудің алаңы.
Сауран мен Кентауда өткен кездесулерге аудан және қала әкімдіктерінің жауапты сала жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшелері, жергілікті ақсақалдар алқасы мен аналар кеңесінің өкілдері, этностардан шыққан білімді, белсенді жастар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен медиаторлар қатысты. Жиындар ашық форматта, пікір алмасуға негізделген еркін ортада өтті. Жобаның елге берері, көздегені жайында әрбір қатысушы өз ой-пікірін бүкпесіз білдіріп, ұсыныстарын еркін жеткізуге мүмкіндік алды.
«Достық керуенінің» негізгі спикерлері қатарында – Қазақстан халқы Ассамблеясының 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі креативті жұмыс тобының мүшесі, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Садықов пен облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Әшірбаев болды. Бұл қос ардақты азамат ел ішіндегі келісім мен татулықтың тарихи негіздерін, қазіргі таңдағы маңызын, сондай-ақ келешекте оның қандай бағытта дамуы тиіс екенін тереңнен қозғап, көпшілікке мазмұнды ақпарат пен өмірлік тәжірибеге толы ойларын ортаға салды.
Профессор Сейдулла Садықов өз сөзінде Қазақстанның көпэтносты мемлекет ретіндегі қалыптасу жолына, Тәуелсіздік жылдарында этносаралық қатынастар саласында жүзеге асқан саясаттың жүйелілігіне ерекше тоқталды. Ол ұлттық бірлік идеясының негізінде ұлт пен ұлыстың тең құқылы, еркін әрі бейбіт өмір сүруінің Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді бірегей институт арқылы мүмкін болғанын ерекше атап өтті. Ал Бақытжан Әшірбаев өз кезегінде үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсете білген бабалар аманатын қазіргі ұрпақ жалғастыруы керектігін тілге тиек етіп, әсіресе жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, салт-дәстүрге құрметпен қарау қажеттігіне назар аударды.
Жиын барысында қатысушылар да бей-жай қалмай, өз тараптарынан ой-пікірлерін, ұсыныс-толғамдарын, нақты тәжірибелерін ортаға салды. Этносаралық қатынастарды одан әрі дамыту жолында қандай қадамдар қажет, жастарды теріс ағымнан, әлеуметтік желілердегі арандатушылықтардан қалай сақтау керек, отбасылық тәрбие мен мектептегі патриоттық тәрбиенің үйлесімділігін қалай қамтамасыз ету керек деген секілді көптеген күрделі, маңызды мәселелер қозғалды. Бұл – біржақты дәріс тыңдайтын жиын емес, шынайы пікірлер мен өмірлік тәжірибелердің тоғысқан, халық үніне құлақ асатын алаңы болды.
Сонымен қатар жиын барысында дін мен дәстүрдің үндестігі, ел бірлігі жолындағы ақпараттық-ағартушылық жұмыстардың рөлі, кеңестердің белсенділігін арттыру жайында да келелі ойлар қозғалды. Тұрғындар тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға спикерлер мен сала мамандары нақты жауап беріп, ой бөлісті. Мұндай ашық әрі достық форматтағы кездесу барлық қатысушыларға серпін беріп, ынтымақ пен түсіністіктің маңызын тағы бір мәрте еске салды.
Осындай іс-шаралардың ел ішіндегі тұрақтылық пен өзара құрметтің дәнін сеуіп жатқаны сөзсіз. Әр аудан мен қалада ұйымдастырылып жатқан жүздесулер арқылы «Достық керуені» елдің әрбір тұрғынының жүрегіне бірлік пен бейбітшілік құндылықтарын сіңіріп, санасына ұлттық бірліктің қасиетті мағынасын жеткізіп келеді. Бұл жоба – жай ғана формалды кездесу емес, ел руханиятын байытатын, жүректі жылытып, болашаққа сенімділік ұялататын ауқымды идеологиялық бағдарлама.
Сауран мен Кентауда өткен бүгінгі жүздесулер де соның жарқын дәлелі болды. Ел ішінде бейбіт өмірдің негізі – татулық екенін сан рет дәлелдеген еліміз үшін осындай жобалар ауадай қажет. Өйткені, қай заманда да елдігіміздің еңсесін көтеретін, ең басты құндылық – халықтар арасындағы достық пен өзара құрмет. Сол құндылықты сақтау мен жаңғырту жолында атқарылып жатқан жұмыстар – ел болашағы үшін жасалып жатқан ең ізгі қадам.