RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтартуризм

Тарих пен туризм тоғысқан Түркістан: Шанхай төрінде жаңа серіктестікке жол ашылды

Қытай Халық Республикасының алып мегаполисі Шанхайда өтіп жатқан халықаралық деңгейдегі ITB China 2025 туризм көрмесі – әлем елдері арасындағы мәдени-экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге, туристік әлеуетті ұлықтауға арналған айтулы алаң. Аталған ауқымды іс-шараға Түркістан облысы да белсене қатысып, аймақтың тарихи-мәдени байлығын, табиғи көркем аймақтарын және заманауи туристік инфрақұрылымын халықаралық деңгейде таныстыру мақсатында арнайы делегация аттанды. Делегация құрамына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов бастаған мамандар кірді.

Көрме аясында Түркістан делегациясы аймақтың сан ғасырлық тарихы мен қайталанбас рухани мұрасын, оның ішінде ЮНЕСКО-ға енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, киелі Отырар мен Сауран қалашықтарын, сондай-ақ таулы, шұрайлы табиғат аясындағы туристік маршруттарды кеңінен таныстырды. Түркістанның тек діни-рухани емес, сонымен қатар экологиялық, этнотуризм бағытында да мол мүмкіндігі бар екені көрме қонақтарына жан-жақты жеткізілді.

Жұмыс сапары барысында Түркістан делегациясы Қытайдың бірқатар беделді туристік компаниялары және халықаралық туроператорларымен кездесіп, екіжақты тиімді әріптестік орнату мәселелерін талқылады. Әңгіме барысында қытайлық туристерді Қазақстанға, әсіресе, Түркістан өңіріне тарту жолдары, визалық жеңілдіктер мен туристерге арналған инфрақұрылымды жетілдіру жайы сөз болды.

Сапар нәтижесінде екі тарап арасында Түркістан мен Қытай арасындағы туристік ағынды арттыруды көздейтін маңызды меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер алдағы уақытта қос тараптың туризм саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, өзара мәдени байланыстың тамырын тереңдете түспек.

Сонымен қатар делегация мүшелері Қытайдың жетекші туризм компаниялары – Beijing Fine Tour International Travel Service Co., Ltd және CYTS Xinjiang Culture and Tourism Development Co., Ltd басшыларымен жеке кездесулер өткізіп, нақты жобалар мен турпакеттерді бірлесе әзірлеуге уағдаласты. Түркістанды халықаралық туристік бағыттардың бірі ретінде дамыту, аймаққа келетін қытайлық туристердің санын арттыру – бұл кездесулердің басты өзегі болды.

Осылайша, Түркістан облысының халықаралық сахнадағы туристік белсенділігі артып, жаңа серіктестермен байланыс орнатуы – еліміздің рухани орталығын жаһан жұртына кеңінен танытатын сенімді қадам. Ал бұл байланыстар болашақта өңірдің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және туризм саласының өркендеуіне кең жол ашары сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы: 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды

admin_rastimes

Астанада 2 700-ге жуық жол жұмысшысы қар тазалауға шықты

redaktor_rastimes

Алматыда «Plastic Reboot» акциясы басталды: пластикалық бөтелке өткізіп, ақша тап!

Пікір жазу