Дархан даланың төрінде орналасқан Созақ ауданында ел игілігіне бағытталған ілкімді істер жалғасып жатыр. Соның бір айғағындай, биыл аудан аумағындағы бірнеше ауылдың ішкі көшелері жаңарып, тақтайдай тегіс жолдар тұрғындарға қуаныш сыйлауда. Құмкент ауылы мен Қызылкөл елді мекенінің тұрғындары үшін бұл жаз айлары ерекше есте қалмақ – себебі мұнда жалпы ұзындығы 11 шақырымнан астам ішкі көшелерге сапалы асфальт төселіп, ауыл бейнесі жаңарды.
Ауданның өзге де елді мекендерінде жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақсүмбе, Сарыжаз, Шаға және Раң ауылдарының да көшелері жаңартылып, ұзындығы 6,5 шақырымнан астам жол учаскелері асфальтпен көмкерілді. Бұл – тек бастамасы ғана. Қазіргі таңда аудан аумағындағы өзге ауылдарда да ішкі жолдарды жөндеу, қайта қалпына келтіру және сапасын арттыру жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Биылғы жылы аудандық бюджеттен ішкі жолдарды жөндеуге бөлінген қаражат көлемі өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге артты. Бұл – мемлекет тарапынан ауыл инфрақұрылымын дамытуға деген нақты әрі шынайы қамқорлықтың айғағы. Бөлінген қаржы нәтижесінде 66,4 шақырымнан асатын ауылішілік көшелерге асфальт жабындысы мен қиыршық тас төсеу жоспарланған. Ауылдың ішкі жолдары жаңарса – халықтың тіршілігі жеңілдейді, күнделікті тұрмысы көркейеді.
Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл ұзындығы 14,2 шақырымды құрайтын 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағдарлама – ауылды дамытуда тың серпін берген маңызды бастама екені сөзсіз. Өткен жылы да осы бағдарламаның арқасында аудандағы 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы ұзындығы 26,1 шақырым жол жаңартылған болатын.
Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен тағы 21,2 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысы мен қиыршық тас төселіп, ауылдықтар игілігіне берілді. Бұл – тек жол ғана емес, ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам.
Осындай жарқын істердің нәтижесінде Созақ өңірінің елді мекендері күн сайын ажарланып, жаңарып келеді. Жаңарған жол – тек қатынас құралы ғана емес, ол – өркениетке бастар жол, ауылдың келешегіне салынған алтын көпір.