Күн нұрымен жарысып, көгілдір толқындармен тербелген Шардара су қоймасының жағалауы жазғы көңіл-күйге бөленді. Түркістан облысында туризм саласын дамытуға бағытталған жұмыстар өз жалғасын тауып, Шардара ауданындағы әйгілі «Nur-delux» жағажайында биылғы шомылу маусымының шымылдығы ашылды. Күн мен судың, табиғаттың ғажайып үндестігіне бөленген жағалау алаңы нағыз мерекеге айналды.Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Арман Қарсыбаев көпшілікті жаздың жарқын кезеңінің басталуымен құттықтап, шомылу маусымының қауіпсіз әрі мағыналы өтуіне сәттілік тіледі. Ол өзінің сөзінде жағажай мәдениетін дамытып, отбасылық демалысқа қолайлы ортаны қалыптастыру арқылы туризм саласын өркендету – басты мақсаттардың бірі екенін атап өтті. Бұл күні жағажай алаңы тек тынығушыларға ғана емес, спорт пен мерекенің мерейін арттырған думанды жиынға айналды. Көк ту желбіреген жерде рух пен жігер қатар жүреді. Волейбол мен футболдан өткен тартысты кездесулер, арқан тарту мен қошқар көтеру секілді ұлттық жарыстар жұртшылықты бір сәтке өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпірге жетеледі. Гір тасын көтеруден бақ сынаған батырлар мен отбасылық «Толағай» сайысына қатысқан әулеттер көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Күн мен көңіл-күйдің жарасымын толықтырған тағы бір әдемі көрініс – аудандық көркемөнерпаздардың арнайы концерттік бағдарламасы болды. Жыр мен күй, ән мен би жағалауға ерекше реңк беріп, жан біткенді жадыратты. Іс-шара соңында спорттық сайыстар мен отбасылық жарыстардың үздіктері марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Айта кетерлігі, бүгінде Түркістан облысы Қазақстанның ғана емес, күллі түркі дүниесінің де туристік алтын белдеуіне айналып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы облысқа 500 мыңнан астам турист келген. Ал бір күндік келушілердің саны миллионға жуықтады. Тек 2024 жылдың үшінші тоқсанында орналастыру орындарында демалған туристер саны 235 мың адамға жетіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайыздық өсімді көрсетіп отыр.
Шардара – тек су қоймасы емес, ол – сенім мен серпіннің, демалыс пен дамудың тұтас үйлесімі. Жаздың жайдары күнінде дария жағалауына жиналған жұртшылық шомылу маусымының ашылуын тек күн суға түскен сәт деп емес, өмірге деген құштарлықтың жарқын көрінісі ретінде қабылдады. Бұл күн – жай ғана маусым емес, Шардараның мүмкіндігін ашқан мерейлі белес болды.