Түркістан облысына қарасты Сауран ауданында биыл ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіп салаларында тың серпін байқалады. Аудан аумағында құны миллиардтаған теңгені құрайтын инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ауыл әлеуеті артып келеді. Бұл туралы аудан әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында мәлімдеді.
2025 жылдың алғашқы бес айында аудан экономикасына 6,8 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Бұл межеге жету үшін ауданда 13 ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы жоспарланған. Жобалардың жалпы құны – 16,4 млрд теңге. Ауқымды бастамалардың бірі – Шаға ауылдық округінде орналасатын 280 мың басқа арналған құс фермасы. «Eco-Chiken» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған бұл жоба 2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Ет бағытында жұмыс істейтін бұл заманауи өндіріс орны тек Түркістан облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның нарығын сапалы құс етімен қамтамасыз етуді көздейді. Тіпті өнімді шетелге экспорттау әлеуеті де қарастырылған. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС қолға алған тағы бір ірі жоба – 700 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнату. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын бұл бастама агросаладағы еңбек өнімділігін арттыруға жол ашады. Аудан басшысы бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері де іске қосылатынын атап өтті. Бұл жобалар аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жұмыс орындарын көбейтуге едәуір үлес қосады.