Тарих пен мәдениеттің тұмарына айналған қасиетті Сауран өңірінен түлеген өнерпаздар Түркия Республикасының Қаратай ауданында өткен халықаралық «Lavanta Festivali» аясында ұлттық өнерімізді төрге оздырып, қазақ халқының рухани байлығын шет ел төрінде асқақтата танытты. Бұл — рух пен өнер үндескен, тарих пен тағдыр тоғысқан сәттердің бірі болды.
Фестиваль шымылдығы түрілген сәттен-ақ қазақ өнері көптің көңілін жаулап, сахна төрінен әуелеген күй мен жүректі тербеген терме, сырлы сазға толы ән мен жыр көрерменнің айрықша ықыласына бөленді. Түрік бауырлар қазақы нақыштағы әр туындыны шынайы құрметпен қабылдап, қазақ мәдениетінің байлығына тәнті болды. Бұл — өнер тілімен өрілген бауырластықтың, ортақ рухани үндестіктің жарқын көрінісі еді.
Саурандық өнер иелерінің бұл сапары тек бір мәдени шара ғана емес, ұлттық өнеріміздің халықаралық деңгейде кеңінен танылуына қосылған шынайы үлес болды. Қазақтың бай мұрасын шет ел сахнасында жаңғырту — әр өнерпаздың жүрегінде елге деген сүйіспеншілікпен өрілген асыл мұрат. Олар ұлттық өнерді өнерсүйер қауымға паш етіп қана қоймай, елдің атын да, туған жер — Сауранның рухын да асқақтатты.
Өнер – халықтың жүрегі, мәдениет – ұлттың келбеті. Саураннан бастау алған рухани керуен Түркия төрінде өз үні мен өрнегін қалдырды. Бұл сапар – тарих пен тағдыр үндескен, ортақ тамырдан нәр алған қос елдің рухани байланысын тереңдеткен тағылымды жол болды.
Сауран өнері – ұлт рухының айнасы. Ол ұлықтала бермек.