Сарыағаштың шырайлы топырағы мен еңбекқор халқы жыл сайын берекелі егінмен ел ырысын еселей түсуде. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында қарқын алған жұмыстар еліміздің түрлі деңгейдегі басшылар назарында. Жуырда ғана ҚР Парламенті Сенатының депутаттары — Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек арнайы іссапармен Сарыағаш ауданына келіп, жергілікті шаруалармен кездесіп, өңір тынысымен кеңінен танысты.
Сапар барысында халық қалаулыларына аудан әкімі Арман Абдуллаев жол бастап, алдымен Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан, жаңадан іске қосылған «Бес қара» мал сою бекетіне аялдады. Қожалық жетекшісі Мұрат Әбдібаевпен емен-жарқын әңгіме өрбітіп, жаңа өндіріс орнының әлеуеті мен мүмкіндігін сұрап білді. 2024 жылы жұмысын бастаған бұл мал сою кешені қысқа мерзімде 128 ірі қара мен 600-ге жуық ұсақ малды өңдеп, ет өнімдерін нарыққа шығарып үлгерген. Құны 1,2 млрд теңгеге бағаланған жоба — ауыл экономикасына серпін беретін тың бастама. Тағы бір маңызды тұсы — 40 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ауыл азаматтарының тұрмысын тіктеуге үлкен мүмкіндік екені сөзсіз.
Келесі нысан — Сарыағаш қаласындағы «Береке» жылыжай кешені. Жер емген диқан, еңбекпен ысылған кәсіпкер Дүйсенбек Жүсіп бұл істі 2015 жылдан бастап қолға алған. Бүгінде 1,4 гектар аумақты заманауи технологиямен жабдықтап, көкөніс өсіруде. Жылыжайдан жылына 200 тоннаға жуық өнім жиналып, ішкі нарық пен көршілес аймақтарды сапалы азықпен қамтамасыз етіп отыр. Күннің аптабында да, көктемнің суығында да тұрақты табыс көзіне айналған бұл кешен — жаңа буын шаруашылықтың озық үлгісі деуге тұрарлық.
Халық қалаулылары өндіріс орындарын аралап қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлермен және шаруалармен кездесіп, оларды мазалап жүрген мәселелерге құлақ түрді. Кәсіпкерліктің даму барысы, жеңілдетілген несиелерге қолжетімділік, инфрақұрылым тапшылығы, субсидиялау жүйесі — бәрі де ашық әңгіме арқауына айналды. Сенат депутаттары елде қолға алынып жатқан бағдарламалар мен заңнамалық реформалар туралы жан-жақты ақпарат беріп, мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалану жөнінде кеңес айтты. Сонымен қатар, кәсіпкерлікке заң аясында қолдау көрсетуге, ұсыныстарды орталық деңгейде көтеруге дайын екендерін жеткізді.
Бұл сапар — ел ішіндегі еңбек адамын қолдау, шынайы жағдаймен танысу әрі атқарушы және заң шығарушы билік арасындағы байланыстың нақты көрінісі. Сарыағаштық диқандардың маңдай тері мен жүйелі жұмысының нәтижесін көзбен көрген сенаторлар өңірдің әлеуетін жоғары бағалап, оның бұдан әрі де дами түсеріне сенім білдірді.