Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – еңбек адамын ардақтау мен жұмысшы кәсібінің қоғамдағы мәртебесін көтеру жолындағы салиқалы шешім болды. Осы бастама аясында Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында жастар мен жұмыс іздеушілерге арналған кең көлемді бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Ауқымды шара кәсіби бағдар беріп, еңбекке жол сілтеген тағылымды кездесуге айналды.
Жастарға жол ашқан еңбек алаңы
Сайрамда ұйымдастырылған жәрмеңке – тек жұмыс орнын табуға бағытталған дәстүрлі шара ғана емес, бұл — жастарды кәсіби мамандыққа баулу, жұмысшы кәсіптерінің маңызын ұғындыру, еңбекке құрмет көрсету идеясын кеңінен насихаттайтын маңызды платформа болды. Жәрмеңке барысында 700-ден астам бос жұмыс орны ұсынылып, оның ішінде түрлі сала мамандықтарына сұраныс танытқан мекемелер, кәсіпорындар және өндірістік құрылымдар қатысты. Жастармен қатар тәжірибелі жұмыс іздеушілер де жаңа кәсіби мүмкіндіктерге жол ашты.
Аудан басшысы: «Елдің болашағы — адал еңбек еткен азаматтарда»
Шараның ашылуында сөз сөйлеген Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов жұмысшы мамандықтардың ел дамуы үшін маңызын атап өтті. Ол еңбек адамына деген қоғамдағы құрметті арттыру қажеттігін, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің маңызын айрықша атап өтіп, көрмеде ұсынылған жобалармен танысты.
– Бұл бастама – тек бір реттік іс-шара емес, ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт. Біз ел экономикасының алға жылжуын, өндірістің дамуын, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қарапайым еңбек адамын қадірлеуге, олардың кәсібіне құрметпен қарауға міндеттіміз. Жастар арасында кәсіптік-техникалық білімге деген қызығушылықты ояту – біз үшін аса маңызды міндет. Бұл жәрмеңке сол мақсат жолындағы нақты қадам, – деді аудан басшысы.
Көрме, кеңес, кәсіби қолдау
Жәрмеңке барысында жастар техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының арнайы көрмесін тамашалап, түрлі мамандықтар бойынша ақпарат алып, кәсіп таңдау бағытында мамандардан кеңес алды. Сонымен қатар жұмыс берушілер мен колледждер, оқу орталықтары арасында өзара байланыс орнатылып, тәжірибе алмасу мен бірлескен жобалар жасау мүмкіндігі қарастырылды.
Мамандық – таңдау емес, тағдыр
«Жұмысшы мамандықтар жылы» — кәсібіне адал, еңбегіне берік азаматтарды қоғам алдында үлгі етудің, жастарды нақты еңбекке тартудың жаңа белесі. Сайрамда өткен бұл жәрмеңке – еңбек жолын енді бастаған жас мамандарға бағдар көрсетіп қана қоймай, әр кәсіп иесінің қадірін арттырған тағылымды іс-шара болды. Жастардың сұранысына ие болған бұл форматтағы бастамалар алдағы уақытта өңірдің өзге де аудандарында жалғасын таппақ.