RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Рухани кемелденген ұрпақ — ел болашағы: Ассамблея жастары тағылымды сапардан оралды

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ассамблея жастары» атты республикалық жоба аясында Түркістан облысының белсенді жастары Алматы облысы мен Алматы қаласына бағытталған рухани-танымдық экспедициядан оралды. Бұл сапар жас ұрпақтың ұлттық рухын оятып, тарих пен мәдениетке деген құрметін тереңдеткен, өнегелі жолсапар ретінде есте қалды.

Жастар алдымен қазақ әдебиетінің ұлы тұлғаларының бірі, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың музей-үйіне ат басын тіреді. Көне дәуірдің үніне айналған жыраудың өмірі мен шығармашылығына терең үңілген олар, ақынның елге сіңірген еңбегі мен рухани мұрасын жаңаша қырынан таныды. Бұл сапар жастардың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың тарихи жады мен рухани түйсінігін байытты.

Келесі аялдама – Орталық мемлекеттік мұражай болды. Мұнда жастар қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан мәдениеті мен салт-дәстүрін, тарихи кезеңдердегі шынайы деректер мен жәдігерлерді өз көздерімен көріп, терең әсер алды. Ел шежіресімен етене танысу — әрбір жастың бойында отансүйгіштік пен ұлттық сана-сезім қалыптастыратыны сөзсіз.

Алматыдағы Республикалық «Достық үйінде» өткен мазмұнды кездесу — еліміздің этносаралық келісімі мен қоғамдық тұрақтылығы жолында атқарылып жатқан игі істермен танысуға мүмкіндік берді. Бұл кездесуде жастар ел ішіндегі татулық пен бірліктің мәнін терең түсініп, көпэтносты Қазақстанның баға жетпес байлығы — ынтымақтастық пен өзара құрмет екенін тағы бір мәрте түйсінді.

Сапардың тағы бір тағылымды сәті — Ұзынағаш ауылында өткен ерекше кездесу болды. Мұнда жастар ауыл ақ жаулықты аналарымен жүздесіп, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтар төңірегінде терең ой қозғады. Аналар жағы жастарға қазақы болмысты сақтау, салт-дәстүрді жаңғырту, ұрпақ тәрбиесінде рухани мұраның маңызын жан-жақты түсіндіріп, баталарын берді. Бұл кездесуден жастар тек кеңес емес, жүрекке жеткен жылы сөз бен аналық мейірімді алып қайтты.

Сонымен қатар, Түркістан және Алматы облыстарының жастары еркін форматта бас қосып, өзара жобаларымен бөлісті. Бұл – идеялар тоғысып, тәжірибелер ұштасқан, жаңа бастамаларға жол ашқан ерекше алаң болды. Жастар өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ортақ мақсатта бірігуге, қоғам игілігіне қызмет етуге ниет білдірді.

Бұл рухани экспедиция – жай ғана сапар емес, жастардың сана-сезімін оятқан, олардың жүрегіне ел мен жерге деген махаббат дәнін еккен, ұлттық болмыс пен рухани байлықты тануға бағытталған мазмұнды сапар болды. Патриоттық сезімді тереңдетіп, елдің өткені мен бүгініне көз жүгірту арқылы жастар болашаққа сеніммен қарауды үйренді.

Ел болашағы – саналы, рухани бай, білімді әрі отансүйгіш жастардың қолында. Осындай жобалар олардың тұлғалық қалыптасуына, азаматтық ұстанымының беки түсуіне және қоғаммен етене араласуына зор мүмкіндік береді.

Жолдары сәтті болып, шабытпен оралған жастар енді өз өңірлерінде тың идеяларды жүзеге асырып, ел дамуына өзіндік үлес қоспақ. Бұл – рухани серпіліс пен азаматтық жауапкершілікке бастайтын шынайы сапардың айқын нәтижесі.

Ұқсас жаңалықтар

Ақмола облысында 2 ферма ашылды

ОРДАБАСЫДАҒЫ ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

redaktor_rastimes

Домбыра – ұлт рухы: Түркістанда ұлттық өнер мен татулықты ұлықтаған байқау өтуде

Пікір жазу