RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Ордабасыда ұлттық мұра мен өндіріс тоғысқан жобалар бастау алмақ: ирандық инвесторлармен маңызды меморандумға қол қойылды

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, құтты мекен — Ордабасы ауданында тың бастама, жаңа серіктестік аясында жүзеге аспақ жобалар таныстырылды. Бұл жолғы маңызды қадам — өңір экономикасын әртараптандырумен қатар, ұлттың рухани-мәдени кодын жаңғыртуға бағытталған. Атап айтқанда, Иран Ислам Республикасынан келген инвесторлар мен аудан әкімдігі арасында қазақы нақыштағы кілем тоқу мен мал жүнін өңдеу жобаларын жүзеге асыру жөнінде өзара келісімге келінді.

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған кездесуде шетелдік кәсіпкерлерге Ордабасының инвестициялық мүмкіндіктері мен даму әлеуеті жан-жақты таныстырылды. Кездесу нәтижесінде тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, нақты жобаларды іске асырудың жолдарын пысықтады.

Шетелдік кәсіпкерлер — Ираннан келген «Талифа» ЖШС-нің өкілдерімал жүнін өңдеу және ұлттық нақыштағы кілем тоқу өндірісін іске қосуға ниетті екендіктерін жеткізді. Ұлттық болмыстың көрінісі саналатын, ата-бабадан келе жатқан кілем тоқу өнері енді заманауи технологиямен үйлесіп, қайта жаңғырмақ. Бұл жобаның алғашқы кезеңінде 1 гектар жер телімі қарастырылып отыр. Жоба толық іске қосылған жағдайда өңірде отандық шикізаттан жасалған жоғары сапалы кілемдер шығарылып, ішкі нарықпен қатар шетелге де экспортқа жол ашылмақ. Мұндай өндірістің ашылуы — тек экономикалық пайда ғана емес, сонымен қатар ұлттық мұраны ұлықтау.

Бұдан бөлек, кездесуде ауданда жүзім шаруашылығын дамыту мәселесі де сөз болды. Ирандық инвесторлар Қарақұм мен Қажымұқан ауыл округтерінен 50 гектар жер телімін алып, жүзім егуді көздеп отыр. Бұл жобаның нәтижесінде өңірде заманауи бау-бақша шаруашылығы дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындары тұрақты табыс көзімен қамтылатын болады. Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, экспорттық әлеуетін күшейтуге бағытталған бұл жоба — ауданның болашақтағы ірі аграрлық жобаларының бірі болмақ.

Жобаларды жүзеге асыру үшін жер мәселесі Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы заңдастырылып, құжаттар рәсімделеді. Жобалардың іске асуымен бірге өңдеу өнеркәсібі саласында мүлде жаңа бағыттағы өнімдер өндірілетін болады. Бұл өз кезегінде аудан экономикасын жаңғыртып, өнеркәсіптің дамуына тың серпін бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Объективтегі Отан: Түркістанда татулық пен бейбіт өмірді арқау еткен фотобайқау өтті

redaktor_rastimes

Түркістан төрінде – ақ сүттен басталған мәртебелі көрме: еліміздің үздік ешкі тұқымдары сараланды

Ризабек Айтмұхан — Әлем чемпионы

Пікір жазу