RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Өңір басшысы мен федерация өкілдері спорт саласының өзекті мәселелерін талқылады

Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға, оның ішінде жастар футболының әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды кездесу өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы, белгілі спорт қайраткері Давид Лорияны және федерацияның кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайырды қабылдады. Жүздесуде ел футболының даму келешегі, жас буын арасынан таланттарды анықтау және оларды кәсіби деңгейге шығару, сонымен бірге жергілікті командаларды қолдау және қаржыландыру тетіктері кеңінен сөз болды.

Кездесу басталған сәттен-ақ аймақ басшысы қазақ футболының бүгіні мен болашағына алаңдайтынын, әсіресе, легионерлердің көптігі отандық ойыншылардың дамуына кедергі келтіріп жатқанын ашық айтты:

«Мемлекет басшысы кәсіби спорт клубтарын, оның ішінде футбол клубтарын қаржыландыру мәселесін оңтайландыруды және реттеуді тапсырды. Қоғамда да шетелдік легионерлердің басымдығына қатысты сын пікірлер айтылып жүр. Бұл жағдай мені де бей-жай қалдырмайды. Футбол жанашыры ретінде өз ойымды ашық айтқым келеді: біз отандық ойыншыларды елеусіз қалдырмауымыз керек. Футбол – тек ойын емес, ол – ұлттық рухты көтеретін, ел намысын қорғайтын алаң. Сондықтан біз Түркістан облысында жаңа саясатты қолға алдық. Енді жергілікті футболды дамытуға бар күшімізді саламыз. Командаларымызда отандық футболшылардың қатары көбейіп, ауладан бастап алаңға дейінгі жол ашық болуға тиіс. Жасөспірімдер мен жастар арасында жарыстар санын арттыру – басты мақсатымыз», – деді Нұралхан Көшеров.

Өңір басшысының бұл пікірін Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория қолдай отырып, Түркістан облысындағы оң өзгерістерге жоғары баға берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркістан футбол инфрақұрылымы мен ізбасарлар дайындау бағытында республикада көшбасшылар қатарында.

«Сіздердің өңірде атқарылып жатқан жұмыстар бізді қуантады. Жасөспірімдер футболына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл – ел футболының болашағы үшін өте маңызды. Федерация тарапынан біз Түркістан облысында бастамаларға толық қолдау білдіреміз. Инфрақұрылым дамып келеді, талантты ойыншыларға жол ашық. Оларды үлкен футбол сахнасына алып шығу үшін жүйелі жұмысты жалғастыруымыз қажет», – деді Давид Лория.

Кездесуге қатысқан Түркістан облыстық футбол федерациясының басшысы Нұралы Әбішов өңірдегі футболдың даму бағыттарына тоқтала келе, бүгінде аула футболынан бастап кәсіби деңгейге дейінгі құрылым қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Түркістан облысында футбол спортымен 87 ұйым айналысады. Бұл ұйымдарда 13 мыңнан астам жасөспірім жаттығып жүр, ал олармен 380-ге жуық тәжірибелі жаттықтырушы жүйелі түрде жұмыс істеуде.

Бүгінде облыста кәсіби клубтар саны да артып келеді. Жергілікті деңгейдегі біріншіліктерден бастап, ел чемпионатына дейінгі аламандарда Түркістан өңірінің өкілдері жиі бой көрсетуде. Бұл – аймақтағы футболға деген қызығушылықтың, жанкүйерлік рухтың жоғары екенін білдіреді.

Жиын барысында Мемлекет басшысының кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруды коммерциялық модельге көшіру жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде қолға алынған нақты іс-шаралар да сөз болды. Әкімдік тарапынан инвесторлар мен демеушілер тарту бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл, өз кезегінде, футбол клубтарының қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, олардың дамуына жаңа серпін бермек.

Кездесу соңында тараптар ортақ мақсат – отандық футболдың дамуына жағдай жасау, жас дарындарды қолдау және ұлттық намысты ту еткен спортшыларды тәрбиелеу жолында бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.

Түркістан төрінде өткен бұл кездесу – футбол тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтардың жүрекпен ойлап, әрекетпен сөйлеген сәті болды. Енді бұл ниет нақты нәтижемен ұштасып, Түркістаннан түлеген таланттардың қазақ футболын биік белеске көтереріне сенім мол.

Ұқсас жаңалықтар

БИЫЛ ТҮРКІСТАНДА 34 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫ МЕКТЕП БІТІРЕДІ

redaktor_rastimes

Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты

redaktor_rastimes

«Инвестиция тарту – әкімдер мен министрлердің басым міндеті»

redaktor_rastimes

Пікір жазу