Тәуелсіз ел болудың айқын нышаны, мемлекеттіліктің берік тұғыры саналатын қасиетті рәміздеріміздің – Туымыздың желбіреп, Елтаңбамыздың төрімізде жарқырап, Әнұранымыздың көкте қалықтағанына биыл 33 жыл толып отыр. 1992 жылдың 4 маусым күні – қазақ халқының жадында мәңгі сақталар тарихи сәтке айналып, дәл осы күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері туралы» заң қабылданды. Бұл – егемен еліміздің дербес мемлекет ретінде өз жолын айқындап, дүниежүзілік қауымдастыққа өркениетті ел ретінде танылған, төл нышандарын бекітіп, Туын, Елтаңбасын және Гимнін ресми түрде белгілеген күні. Рәміздер – ұлттың рухын, елдің еңсесін, мемлекеттің мәртебесін әйгілейтін ерекше құндылықтар. Олар – бүгінгі ұрпаққа ғана емес, келешек буынға аманат, жасампаздықтың, тәуелсіздіктің және елдік болмыстың мәңгілік белгісі. Бұл күн – ата-бабамыз армандаған азаттықтың ақ таңын айшықтайтын, халқымыздың сан ғасырлық мұратына айналған Тәуелсіздіктің шынайы салтанатын білдіретін күн. Осынау мерейлі дата – әрбір азаматтың жүрегінде отансүйгіштік пен мақтаныш сезімін ұялатып, еліміздің әрбір азаматын Мемлекеттік Рәміздерге құрметпен қарауға, оларды қасиетті тұмардай сақтау мен қорғауға үндейді. Себебі Рәміздер – жай ғана символ емес, бұл – баршамыздың туған ел алдындағы перзенттік борышымыздың көрінісі, ұлт ретінде ұйысуымыздың белгісі. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған көк байрағымыз, шаңырағы биік Елтаңбамыз бен асқақ Әнұранымыз – болашаққа бет түзеген ұлы көшіміздің бағыт-бағдары болып, игілікті істерімізді қолдай берсін!



