RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ҚЫТАЙ САПАРЫ АЯСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САРЫМСАҚТЫ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ІСІН БАСТАУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация мүшелері Қытай еліне жұмыс сапарын Шаньдун провинциясының Цзинин қаласында жалғастырды. Сапар аясында әлемдегі сарымсақ өндіру және өңдеу саласының көшбасшысы саналатын «Wanlin Group» компаниясының басшысымен маңызды кездесулер өтті. Кездесу барысында Түркістан облысының аграрлық секторындағы инвестициялық жобалар мен бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Екі жақ стратегиялық әріптестік орнатып, сарымсақ өсіру және терең өңдеу бағытында ынтымақтастықты нығайтуға келісімге келді.

Халықаралық компания өз тәжірибесін бөлісіп, облыстың агроклиматтық жағдайын жоғары бағалады. Инвесторлар өңірге нақты қаржы салу, заманауи қайта өңдеу зауыттарын салу және экспорттық логистиканы дамытуға ниетті екенін білдірді. Кездесу соңында тараптар агроиндустриялық кластер құру, фермерлермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау және дайын өнімді шетел нарығына шығару жөнінде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Делегация «Wanlin Group» компаниясының өңдеу цехтары мен логистикалық инфрақұрылымымен танысып, сарымсақты терең өңдеу мен экспортқа бағытталған өндіріс алаңына барды. Сонымен қатар, әлемдегі сарымсақ бағасын реттеу орталығының жұмысымен танысты. Қытайдың ең ірі сарымсақ өндірушілерінің бірі ретінде компания 20 жылдан астам тәжірибеге ие. Оның жалпы егістік алаңы 500 мың гектарды құрайды, жылына 8 миллион тонна өнім өндіріледі. Экспорттық көлемі 4 миллиард АҚШ долларына жетіп, 4,8 миллион тонна өнімді сақтау қоймасы бар. Компания сарымсақтан түрлі дәрі-дәрмектер мен дәрумендерді өндіреді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров келіссөздердің маңыздылығына тоқталып, бұл шараның өңірдің ауыл шаруашылығын дамытудағы жаңа белес екенін атап өтті. «Бүгінгі келіссөздер – Түркістан облысы үшін маңызды бетбұрыс. Біз ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Бұл бастамалар – Президентіміздің ауыл экономикасын көтеру жөніндегі тапсырмасына толық сай келеді. Ең бастысы – ауыл тұрғындарына нақты пайда әкелетін, тұрақты табыс беретін жобаларды іске асыру. Біздің диқандар табиғи өнім өндіруге машықтанған. Енді оларды халықаралық нарыққа шығару үшін жаңа технологиялар мен инвестициялар қажет. Бұл – жұмыс орындарын көбейтуге, ауылдағы табысты арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға сеп болады. Біз осыған бар күшімізді саламыз», – деді ол.

Сапар барысында делегация Қытайдың аграрлық технопарктерінің жұмысымен танысып, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, логистика және экспортқа шығару саласындағы озық тәжірибелермен бөлісті. Сонымен қатар, сарымсаққа арналған мемлекеттік музейге барып, Қытайдың агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктерімен, сарымсақ өсіру және өңдеу тарихымен танысты. Музей экспозициясында ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі технологиялар мен ғылыми жетістіктер көрсетілген.

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі. Жыл сайын ондаған мың гектарға сарымсақ, пияз, көкөніс және бақша дақылдары егілуде. Облыста аграрлық секторды әртараптандыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын көбейту, суармалы егіншілікті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда өңірге шетелдік инвестиция тартуға барынша жағдай жасалып, 2025 жылға қарай тікелей шетелдік инвестиция көлемін 30 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Бұл ынтымақтастық Түркістанның аграрлық әлеуетін жаңа белеске көтеріп, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беретініне сенім мол.

Ұқсас жаңалықтар

Мысыр мен Қазақстан туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

redaktor_rastimes

Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасын қабылдады

redaktor_rastimes

Абай облысының активіне жаңа әкім таныстырылды

redaktor_rastimes

Пікір жазу