RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарҚоғам

Күймен көмкерілген көк аспан: Түркістан әуежайында Зияткерлік мектеп оқушылары ұлттық өнерді ұлықтады

Түркістан – тарих пен руханияттың тоғысқан қасиетті мекені ғана емес, бүгінгі ұрпақтың бойына ұлттық болмысты сіңіріп, ертеңге жол сілтейтін мәдениет бесігіне айналып келеді. Жақында осы киелі өлкеде өткен ерекше өнер мерекесі көпшіліктің жүрегін тербеді. Түркістан халықаралық әуежайының кең де жарық залында әуен мен өнер тоғысқан таңғажайып көрініс орын алды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің 100-ге жуық оқушысы бір мезетте домбырамен күй төгіп, әуежайды әсем әуенге бөлеп жіберді.

Оқушылардың орындауындағы «Кеңес», «Нәрағашы», «Келіншек», «Тепеңкөк», «Балбырауын», «Ертұран» сынды ұлттық күйлер әуе сапарына асығып бара жатқан жолаушылардың да, алыстан ат басын тіреген қонақтардың да жүрегін елжіретіп, қазақтың күй өнеріне деген сүйіспеншілікті тереңдете түсті. Домбыраның күмбірі әуежай ішін ұлттық рух пен әуенге бөлеп, әр жүректе мақтаныш пен мәртебе ұялатты.

Аталған шара – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2035 жылға дейінгі «Оқушылардың тұтас дамуы» атты ауқымды стратегиясы аясында жүзеге асып жатқан «Домбыра» жобасының жарқын үлгісі. Бұл бастама – жас буынның бойына ұлттық өнерге деген құрметті сіңірумен қатар, олардың рухани және адамгершілік құндылықтар негізінде дамуына ықпал етуді көздейді.

Домбыра – қазақ халқының жан-сырын, тарихын, болмысын жеткізетін киелі аспап. Оның үні қай кезде де ұрпақты бірлік пен ынтымаққа, рух пен намысқа үндеген. Түркістан аспанында әуелеген осы күйлер де сол ұлы миссияны жалғастырып, елдік пен ерліктің үнін әуежай төріне әкелді.

Көрермендер ерекше ықыласпен тыңдап, оқушыларға алғысын жаудырды. Бір сәттік күй шеруі – тек өнер көрсетілімі ғана емес, жас ұрпақтың бойындағы ұлттық сана мен рухани тәрбиенің тірі көрінісі болды. Бұл көрініс – мәдениеттің, тәрбиенің, тарихпен үндескен өнердің ел ішінде өмір сүріп жатқанын, ұлт тамырының тереңде екенін дәлелдеген бір сәт.

Түркістан төрінде осылайша жаңғырық тапқан күмбірлі күй – ұлт болмысын ұлықтаудың, жас буынның жан-дүниесін байытудың тамаша үлгісіне айналды. Домбырамен көмкерілген осы сәт жүрекке жылы, санаға шуағын сепкен ұлы саз болып қалары сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Аршалыда ұзындығы 6 шақырымды құрайтын бөгет салынып жатыр

redaktor_rastimes

Министрлік су үнемдеу бойынша 5 облыста семинар өткізуде

redaktor_rastimes

Қостанай облысында су тасқынының алдын алу дайындығы тексерілді

redaktor_rastimes

Пікір жазу