Түркістан төрінде айрықша тебіреністі сәттер орын алды. 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиын Түркістан қаласындағы «Рәміздер алаңында» ерекше рухпен өтті. Бұл күн – еліміздің егемендігін айғақтайтын қасиетті белгілерге деген халықтық құрметтің жарқын көрінісі, ел болмысының, ұлт рухының мерекесі.Салтанатты шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен жас буын, мемлекеттік органдардың басшылары және қарапайым қала тұрғындары қатысты. Жиналған жұртшылықтың көз алдында тұғырға көтерілген көк Ту желбіреп, рухымызды көтеріп, жүректерге мақтаныш ұялатты. Көк аспанда асқақтаған Тумен бірге орындалған Әнұран елдік сезімді жаңғыртып, Отанға деген адалдықтың үнін тербетті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл айтулы күннің маңызына тоқталып, барша жұртты мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Тәуелсіздіктің бастауы – Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет екенін ерекше атап өтті.
– 1992 жылы егемен еліміздің Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны бекітілді. Содан бері 4 маусым – мемлекеттік маңызы зор күн ретінде тарихқа енді. Көк байрақ – халқымыздың айбыны, Елтаңба – елдігіміздің нышаны, Әнұран – жүрек тербейтін рухтың үні. Бұл рәміздер – біздің тәуелсіздігіміздің басты белгілері. Оларды қадірлеу – әрбір азаматтың парызы, ұлт алдындағы қастерлі міндеті. Еліміздің болашағы – жас ұрпақ осы құндылықтарды жүрегінде сақтап, сол арқылы елге адал қызмет етуі тиіс. Рәмізге құрмет – елге құрмет. Сондықтан осындай іс-шаралар арқылы ұлттық сана мен елдік бірегейлікті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді өңір басшысы.Шара барсындаында көрермендер назарына патриоттық әндер мен әуендер ұсынылып, рухты оятқан, жүрекке жігер берген мерекелік концерт өтті. Өнерпаздар мен мектеп оқушылары сахна төрінде елге деген сүйіспеншіліктерін ән арқылы жеткізді. Әсіресе, Мемлекеттік Ту көтерілген сәтте «Jana Lep» шығармашылық ұжымы мен оқушылардың бірігіп орындаған Әнұран жиналған жұртты ерекше сезімге бөледі. Бұл — бірлік пен ынтымақтың, елге деген перзенттік адалдықтың дәлелі еді.Бүгінде Түркістан облысында мемлекеттік рәміздерді ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс аумағында 26 рәміздер алаңы мен ту тұғыры бой көтерген. Бұл алаңдар — патриоттық тәрбие берудің ғана емес, елге, жерге деген сүйіспеншілікті жүрекке сіңірудің нақты нышанына айналды. Жоспар бойынша биыл Мақтаарал мен Сауран аудандарында да рәміздер алаңдары салынбақ. Бұл бастама алдағы уақытта өз жалғасын тауып, рәміздерді ұлықтау дәстүрі одан әрі жандана түсетіні анық.
Бұл — бір күндік шара ғана емес, бұл — ел рухын көтеретін, ұлттық болмысымызды терең танытатын маңызды қадам. Елдің еңсесін көтеріп, келешек ұрпақты отансүйгіштікке баулуда рәміздерге деген құрметтің орны ерекше. Сол құрметтің көрінісі бүгін Түркістанда анық байқалды. Көк Ту желбірегенде көкірек керіліп, жанар жарқырады. Бұл – елдік рухтың тірі екенін, бірлігіміздің берік екенін дәлелдейтін сәт еді. Жасай бер, Тәуелсіз Қазақстан! Биікте желбіре, көк байрағым!