Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің символына айналған қасиетті Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара Шардара қаласының ең биік нүктесінде орналасқан «Шежіре» саябағында ерекше рухпен өтті. Бұл — ұлт рухын асқақтатар, жүректе мақтаныш отын тұтатар, барша халықты біріктіретін аса маңызы зор тарихи күн. «Рәміздерім – мақтанышым» атты патриоттық акция аясында ұйымдастырылған бұл жиын көк туымыздың көк жүзінде желбіреуімен және Мемлекеттік Әнұранымыздың асқақ үнмен шырқалуымен айрықша сипат алды. Салтанатты рәсімге аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков бастаған жергілікті билік өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ержан Нұрахов, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, БАҚ өкілдері, ел ағалары мен жастар қауымы қатысты. Елдік пен егемендіктің маңызын айғақтайтын бұл жиынның шымылдығы Мемлекеттік Тудың көк аспанға көтерілу сәтімен түріліп, одан соң жиналған қауым патриоттық әндермен рухтанып, елдіктің биік идеясымен сусындады.
Шара барысында мінберге көтерілген аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков жиналған көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтап, Елбасымыз белгілеп берген Мәңгілік Ел идеясының негізінде өркендеп келе жатқан Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарының бірі — Мемлекеттік рәміздер екенін айта келе, былай деді:
«Құрметті жерлестер! Бүгін біз еліміздің айбыны мен айнасына айналған, көк аспанда желбіреген Туымызды, маңдайымыздан жарқыраған Елтаңбамызды, жүрегімізді тербейтін Әнұранымызды ұлықтайтын ұлы күннің куәсі болып отырмыз. Мемлекеттік рәміздер — әрбір ел азаматы үшін рухтың шамшырағы, болашаққа бастар бағыт-бағдар, ұлттық тұтастықтың темірқазығы. 1992 жылдың 4 маусымы — тарихымыздың алтын әріптермен жазылған парағы. Сол күннен бастап Қазақстан әлем елдерімен терезесі тең, байрағы биік, сөзі өтімді, рәміздері ресми түрде мойындалған дербес мемлекетке айналды. Рәміздер тек бейнелік таңба ғана емес, бұл — елдік санамыздың, тарихи жадымыздың, ұлттық мінезіміздің көрінісі. Көк Ту — азаттығымыздың айғағы, Елтаңба — елдігіміздің белгісі, Әнұран — жүрегіміздің үніндей. Бүгінгі ұрпақ осы құндылықтарды қадірлеп, құрмет тұтуы қажет. Өйткені бұл — ата-баба аманаты, бұл — болашақ алдындағы перзенттік парыз. Біз, бүгінгі буын, жастарымызды осы қасиетті рәміздер арқылы ұлтжандылыққа, елге, жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуіміз қажет. Рәміздерге құрмет — бұл тек салт емес, бұл — ұлттық болмыстың, ішкі мәдениеттің және азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Сондықтан баршамыз Отан алдындағы осы қасиетті борышты ұмытпай, әрдайым елдік мүддені бәрінен биік қоюымыз керек», — деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Бұл күні Мемлекеттік Ту салтанатты жағдайда көтеріліп, Көк байрақ көгімізде еркін қалықтап, жұртшылықтың кеудесін мақтанышқа толтырды. Шара барысында Әнұран асқақтап шырқалды. Патриоттық әндер айтылып, қатысушылардың рухын көтерген бұл іс-шара елдің бірлігі мен Тәуелсіздігін тағы бір мәрте дәріптеген маңызды рухани оқиға ретінде есте қалды.