Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан төрінде Батыс пен Шығыстың мәдени көпірін жалғаған тағылымды өнер кеші өтті. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясына қарасты Шамғон Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестр «Арайлы Ақ Жайықтан – Түрленген Түркістанға!» атты концерттік бағдарламасымен киелі мекенге арнайы гастрольдік сапармен келіп, түркістандық көрерменге рухани ләззат сыйлады. Өнер кешіне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, айтыс өнерінің саңлағы Бекарыс Шойбеков, қоғам қайраткері Әлімбай Ботақараев бастаған зиялы қауым мен өнер сүйер жұртшылық қатысты. Руханият пен мәдениеттің ортақ өрісінде қауышқан бұл шараны ашқан Бейсенбай Дәулетұлы өзінің құттықтау сөзінде аталмыш кештің Түркістан руханияты үшін маңызына тоқталып, облыс басшылығының ақжарма сәлемін жеткізіп, өнер ұжымына құрмет көрсетті. Өнер сапарының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын әрі Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония директоры Бауыржан Халиолла өз кезегінде түркістандық қауымның өнерге деген ыстық ықыласына ризашылығын білдірді. Кештің жүргізушісі Камалиден Айтбаев көрерменді әрбір музыкалық шығарманың мазмұны және авторымен таныстырып, кештің мазмұнын тереңдете түсті. Концерттік бағдарлама ұлттық музыкалық мұра мен әлемдік классика жауһарларынан құралды. Сахна төрінде Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Базарбай Жұманиязов, Иоганн Брамс, Иоганн Штраус, Арам Хачатурян, Джоаккино Россини, Арно Бабаджанян, Карлос Альмаран сынды қазақ және шетел композиторларының мәңгілік мұралары жаңғырды. Сондай-ақ көрермендер қазақ опера өнерінің інжу-маржандары саналатын «Абай», «Қыз Жібек», «Махамбет» операларынан үзінділер тыңдап, халық әндері мен заманауи шығармалардың көркем үйлесіміне куә болды. Сахнада шеберлігімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген филармония әншілері – ҚР Мәдениет саласының үздігі Ақсұлу Жұмалиева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайрханов, сондай-ақ Альбина Наурзалиева, Айбек Тұрарбеков, Дамир Сатыбаев, Тарас Жауымбаев, Сиғватолла Ешкаев сынды өнер иелері өз өнерлерін паш етті. Музыкалық кештің сәнін келтірген дирижерлар – ҚР Мәдениет саласының үздігі Никита Говоров пен Мәдениет Меңдіғалиевтің шеберлігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Кеш соңында ұлттық рухты асқақтатқан «Атамекен» әні шырқалып, зал толы көрерменнің ұзақ қошеметіне бөленді. Айта кетерлігі, бұл өнер ұжымының көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – ҚР Мәдениет саласының үздігі Никита Говоров. 2010 жылы құрылған оркестрге былтыр қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дирижер, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шамғон Қажығалиевтің есімі берілген болатын. Он бес жыл бойы үздіксіз ізденіс пен шеберліктің шыңына ұмтылған бұл ұжымның репертуарында 200-ден астам отандық және шетелдік композиторлардың классикалық туындылары жинақталған. Көне мен жаңаны тоғыстырған, даланың сарыны мен еуропалық әуезді шебер ұштастырған бұл кеш Түркістан өнер сахнасында ерекше үн, биік сапа қалдырды. Ақ Жайықтың әуенін арқалаған керуен киелі Түркістан жұртшылығының жүрегіне рух пен сұлулықтың лебін дарытты.