Жастар арасындағы спорт додасында атой салып, ел намысын абыроймен қорғап жүрген жас балуан Мұсан Ерасыл Амирханұлы 2025 жылдың 8–11 маусым күндері Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өткен грек-рим күресінен Азия чемпионатында 55 келі салмақ дәрежесінде тамаша белдесулер өткізіп, үшінші орынға ие болып, қола медальді қанжығасына байлады. Бұл – тек медаль ғана емес, талай жылғы табанды еңбектің, маңдай тер мен шынайы жанкештіліктің айғағы. 2007 жылы 30 қаңтарда Түркістан облысының Кентау қаласында дүниеге келген Ерасылдың спорттағы жолы 4-сыныптан бастау алып, аз ғана уақыт ішінде үлкен белестерге жетіп үлгерді. Ол – Қазақстан Республикасының чемпионаттарында бірнеше рет топ жарған, 2022 жылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, 2024 жылы Испанияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы, сондай-ақ сол жылы Иорданияда өткен Әлем чемпионатына қатысып, ел абыройын арттырған жалынды жас. Ерасыл – Кентау қаласындағы Б.Саттарханов атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәлімін алған шәкірт, бүгінде Шымкент қаласындағы №10 күрес түрлерінен олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің болашағынан зор үміт күттіретін спортшысы. Оның спорттық шеберлігін шыңдап, балуандық жолында бағыт берген бапкерлері – Жасұлан Аймурзаев, Ғабит Нұрмаханов, Нұрлан Сыздықов, Камал Нәжімов және Мейірбек Үмбеталиев секілді ел спортындағы өз ісінің білгір мамандары. Ерасылдың бұл жеңісі – тек жеке жетістік емес, күллі Түркістан өңірінің абыройы, жас спортшыларға үлгі боларлық үлкен жетістік. Біз жеңімпаз балуанды және оны тәрбиелеген бапкерлер тобын шын жүректен құттықтай отырып, алда күтіп тұрған биік белестерден де сүрінбей өтіп, ел туын халықаралық ареналарда биікте желбірете беруіне тілектеспіз. Ерасыл – сенің ерен ерлігің ел жадында сақталады, күрес майданындағы қадамыңа әрдайым сәттілік серік болсын!