RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Келесте жібек жолы жаңғырады: Сарыжылғада жібек құрты өндірісі жолға қойылады

Келес өңірінде ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында іргелі істер қолға алынып, тың бастамалар жүзеге асырыла бастады. Жер ананы түлетіп, ел экономикасын ілгерілететін инвестициялық жобаларға айрықша көңіл бөлінуде. Осындай ауқымды бастаманың бірі – Келес ауданының Ошақты ауылдық округіне қарасты Сарыжылға елді мекенінде жібек құртын өсіру және оны өңдеу бойынша жаңа өндірістік кешеннің салынуы.

Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев «Асвс ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен арнайы кездесу өткізіп, жобаның мән-маңызы мен жүзеге асу жолдарын жан-жақты талқылады. Жалпы құны 1 миллиард 780 миллион теңгені құрайтын бұл жоба – өңірдің агроөнеркәсіптік саласын жаңа белеске шығаратын маңызды қадам. Серіктестік Сарыжылға аумағынан 60 гектар жер алып, тұт ағашының көшеттерін отырғызуға және сол арқылы жібек құртын өсіру ісін жолға қоюға ниетті. Аталған кәсіпорын іске қосылған жағдайда, бастапқы кезеңде кемінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен әлеуметтік әрі экономикалық серпіліс.

Қазіргі таңда жобаның инфрақұрылымдық негізі қаланып жатыр. Жер телімі заңды түрде рәсімделіп, жер асты су ұңғымасы қазылып, сапалы су көзін шығару жұмыстары сәтті аяқталған. Бұл – көшет отырғызуға және болашақта жібек құртын өсіруге қажетті басты шарттардың бірі. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасындағы серіктестермен арнайы келісім-шарт жасалып, сол елден тұт ағашының жоғары сапалы көшеттерін жеткізу жоспарланып отыр.

Жобаның тиімділігін бағалау мақсатында биылғы жылы Біртілек ауылдық округі аумағындағы 0,5 гектар сынамалық жерге тұт көшеттері отырғызылған болатын. Табиғаттың тосын мінезіне қарамастан, көшеттер жергілікті климатқа тез бейімделіп, алғашқы өнімін бере бастаған. Бұл – жобаның өміршеңдігіне нақты дәлел.

Айта кету керек, бұл бастама тек жібек құртын өсірумен шектеліп қалмақ емес. Жобаның келесі кезеңінде инвесторлар тұт ағашының жапырағынан табиғи, шипалы шай өндіру бағытында арнайы өндіріс ашуды көздеп отыр. Осы мақсатта Қытайдан заманауи шай өндіретін технологиялық жабдықтар жеткізу жоспарда бар. Бұл – бір жағынан ауылда жаңа өнім түрін шығару болса, екінші жағынан экспорттық әлеуеті зор табиғи өнімдер нарығына жол ашпақ.

Міне, осылайша Сарыжылғада басталған жібек құрты өндірісі – Келес төрінде жаңаша серпін алған жібек жолының жалғасы іспетті. Тұт ағашының түбімен тамыр жайған бұл игі жоба ауылдың еңсесін тіктеп, жаңа жұмыс орындарын ашып, табиғи өнімге сұранысы жоғары нарыққа жол ашпақ. Ең бастысы – бұл бастама туған жердің топырағын кәдеге жаратып, ел ырысын еселеуге бағытталған нақты іс.

Ұқсас жаңалықтар

Сайрамда еңбекке құрмет көрсетілді: 700-ден астам бос жұмыс орны ұсынылған жәрмеңке жастарға жаңа мүмкіндік сыйлады

Келесте газдандыру қарқынды жүруде: 71 пайыздық көрсеткіш – жүйелі жұмыстың нәтижесі

redaktor_rastimes

Сауран серпіні: Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өркендеп, жаңа жұмыс орындары ашылады

redaktor_rastimes

Пікір жазу