RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарҚоғам

Қазығұртта әлеуметтік қолдауды цифрландыруға қадам: жаңа заманның жаңа жүйесіне бетбұрыс

Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен келген арнайы мамандар тобы әлеуметтік қолдау жүйесін цифрлы форматқа көшіру жобасы аясында маңызды оқыту семинарын өткізді. Сандық технология дәуірінің сұранысына сай ұйымдастырылған бұл шара — мемлекеттік қызмет көрсетуді заманауи деңгейге көтеруге бағытталған тың бастамалардың бірі.

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсе» жетекшісі Сағындық Фарида бастаған жобалық топ мүшелері қатысты. Бұл топ — әлеуметтік қолдау шараларын цифрлық форматқа көшірудің пилоттық жобасын іске асырып жатқан тәжірибелі мамандардан құралған.

Сонымен қатар, семинарға арнайы қатысқан Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова да өз пікірін ортаға салып, өңірлік деңгейде жүзеге асып жатқан игі бастамалар туралы ой бөлісті. Жиынды Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев ашып, семинардың маңыздылығына тоқтала отырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Оқыту семинарына аудандық полиция бөлімі, орталық аурухана мен емхана қызметкерлері, білім беру саласының өкілдері — мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар, ауыл округтерінің әкімдері және аудандық «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары қатысты.

Семинар барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен енгізіліп жатқан FSM Social және Socium автоматтандырылған ақпараттық жүйелері жайлы жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл платформалар мемлекеттік қолдау шараларын көрсету процесін автоматтандыруға бағытталған. Яғни, бұрынғыдай қағазбастылық пен адами факторға тәуелділік азайып, жүйенің нақтылығы мен тиімділігі арта түспек.

Жаңа жүйе арқылы мемлекеттік органдар мен мекемелердің арасындағы өзара байланыс бір ізге түсіп, қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жоғарылайды. Сонымен қатар, мобильді қосымшалар арқылы мамандардың жұмысы жеңілдеп, көмекке мұқтаж жандарға жедел әрі нақты қолдау көрсету мүмкіндігі кеңейеді.

Семинарда цифрлық жүйелердің мүмкіндіктері, оларды іс жүзінде қолдану жолдары, әлеуметке қызмет етудегі оң әсерлері туралы нақты мысалдармен жеткізілген ақпараттар қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Қатысушылар арасында туындаған сұрақтарға жоба мамандары нақты жауап беріп, жүйені меңгеру жолындағы практикалық кеңестермен бөлісті.

Осылайша, Қазығұрттағы бұл оқыту семинары — елдегі әлеуметтік саясатты жаңа сапалық деңгейге көтерудің алғашқы белестерінің бірі. Цифрландыру арқылы тиімділікке, ашықтыққа және әділдікке қол жеткізу — бүгінгі күннің басты талабы. Ал осы талаптарға сай әрекет етіп отырған жобалық топтың жұмысы – ертеңгі кемел болашаққа бағытталған сенімді қадам екені сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Ақтаудағы ұшақ апатын тергеу: ИКАО өкілімен кездесу өтті

redaktor_rastimes

Сақ болыңыздар: алаяқтар «Халық заңгері» республикалық акциясының атауын пайдалануда

Ақмола облысы Жібек Жолы ауылының тұрғындары табиғи газға қол жеткізді

Пікір жазу