RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Қазығұрт төрінде еңбек дүбірі: диқандар орақ науқанына кірісті

Түркістан облысының құт мекені – Қазығұрт ауданында жаздың шуағын серік еткен еңбек майданы басталды. Биылғы жиын-терім науқанының алғашқы лебі диқандарды шаруаға жұмылдырып, алқап басында алтын дәнге толы орақ науқаны қыза түсті. Осы орайда аудан әкімі Азизхан Исмаилов Қ.Әбдәлиев ауыл округіндегі «Үшбастау» өндірістік кооперативіне арнайы барып, қызу еңбектің барысымен танысты. Ырысы мен берекесі қатар дарыған бұл мекенде қазіргі уақытта заманауи комбайндар алқап төсін дүбірге бөлеп, әрбір бастырылған масақтан алтын дәнді қамбаға құйып жатыр.

«Үшбастау» өндірістік кооперативі биыл бір гектар жерден 25 центнер астық алуды межелеп отыр. Бұл – берекелі жылдың айқын айғағы. Жалпы алғанда, Қазығұрт ауданы бойынша биылғы егін түсімі орташа көрсеткіштен жоғары болады деп күтілуде. Бұл үміттің артында жер емген диқанның тынымсыз еңбегі, табиғаттың қолайлы ауа райы және мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар жатыр.

Аудан аумағындағы ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемі – 275,3 мың гектарды құрайды. Соның ішінде 100,9 мың гектар жер егістікке, 133,6 мың гектары жайылымға, 30,9 мың гектар шабындыққа және 13,5 мың гектар суармалы алқапқа бөлінген. Биыл егістікке жарамды 100,9 мың гектардың 94 мың гектары толық игерілді. Бұл көрсеткіш – диқандардың тынбай еңбектенуінің дәлелі.

Нақтырақ айтар болсақ, 43,9 мың гектар аумаққа күздік және жаздық бидай себілсе, 6,4 мың гектар жерге арпа егілді. Сонымен қатар 8 025 гектар алқапқа майлы дақыл саналатын мақсары орналастырылып, 33,6 мың гектар алқапта жоңышқа, жүгері, түрлі көкөніс, бақша өнімдері және басқа да дақылдар өсірілуде.

Көктемгі дала жұмыстары да жоспарлы түрде атқарылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мақсатында 5 448 тонна жеңілдетілген отын бөлініп, шаруалар толықтай қамтылды. Мемлекеттік қолдаудың нақты мысалы ретінде «Ырыс» микроқаржылық ұйымының атқарған жұмысын атап өтуге болады. Аталған ұйым арқылы 30 шаруа қожалығы 364 миллион теңге көлемінде 5 пайыздық жеңілдікпен несие алып, көктемгі егінге қажетті техника мен тұқым, тыңайтқыш алуға мүмкіндік алды.

Міне, осындай үйлесімді жұмыстар мен қажырлы еңбектің нәтижесінде Қазығұрт төрінде биыл да мол өнім алуға негіз бар. Бұл – ауылдың өркендеуі, елдің азық-түлік қауіпсіздігі, ең бастысы, еңбекпен келген ырыс пен берекенің көрінісі.

Ұқсас жаңалықтар

Ақтөбе облысында төтенше жағдай жөніндегі жедел штаб отырысы өтті

redaktor_rastimes

Түркістан жастарының тың серпіні: «Asyl MURA» волонтерлік жобалар байқауы – ізгілікті істердің алтын көпірі

redaktor_rastimes

Ұлытау өңіріндегі ТЖ орнында үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр

redaktor_rastimes

Пікір жазу