RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Қазақстандық оқушылар – әлемнің үздік жас химиктері!

Ғылым мен білім бәйгесінде көк туымыз тағы бір мәрте биіктен желбіреді. 2025 жылдың 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Халықаралық химия олимпиадасы (International Chemistry Olympiad – IChO-2025) қазақстандық жас зияткерлердің зор жетістігімен аяқталды. Әлемнің 93 елінен 360-тан аса ең үздік оқушы жиналған бұл білім бәйгесінде еліміздің намысын қорғаған төрт оқушының бәрі жүлдегер атанып, Қазақстанның химия ғылымындағы көшбасшылық беделін тағы бір мәрте айқындап берді.

Олимпиада нәтижесінде:

🥇 Кирилл Ким – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы,
🥇 Абылай Кабдулхадыр – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы,
🥈 Еңлік Бақытбекова – Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы,
🥈 Аңсар Жақсылықов – Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.

Алтын мен күміске толы бұл жеңіс – тек жеке жетістіктердің емес, тұтас білім беру жүйесінің жүйелі еңбегінің жемісі. Қазақстандық құрамаға жетекшілік еткен тәлімгерлер – халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, қазіргі таңда Кореяның жетекші ғылыми-зерттеу университеті KAIST-тің магистранты Санжар Бегдаир мен тәжірибелі олимпиада жеңімпазы Ринат Илюсизов – жас буынға жол нұсқап, білімнің биік шыңына жетелеген тұлғалар.

Осы жетістікке қол жеткізуде ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауы ерекше болды. Ұлттық құрама биылғы оқу жылында өткізілген барлық халықаралық және еуропалық зияткерлік олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп, білім бәйгесінде теңдессіз екендігін дәлелдеді.

Айта кетейік, IChO – әлемдегі ең беделді жеті халықаралық пәндік олимпиаданың бірі. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сай, жеңімпаздарға арнайы қаржылай сыйақы қарастырылған: алтын медаль үшін – 1 500 АЕК, күміс медаль үшін – 1 000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК, ал жетекші педагогтерге де ынталандыру төлемдері тағайындалады.

Былтырғы IChO-2024 олимпиадасында да қазақстандық оқушылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен елге оралған еді. Биыл бұл көрсеткіш сақталып қана қоймай, жас химиктеріміздің жеңіс жолы жаңа буынға зор үміт сыйлап отыр. Бұл – білім саласына жасалған инвестицияның, ұстаз еңбегінің және шәкірттің маңдай терінің жемісі.

Қазақстан ғылымы мен біліміне сенген елдің болашағы – жарқын. Ұлт атын әлемге танытып жүрген жас зияткерлеріміздің жеңісі – барша қазақстандықтар үшін үлкен мақтаныш!

Ұқсас жаңалықтар

ЭТНОС ӨКІЛДЕРІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҮЙРЕТУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

redaktor_rastimes

Президент Ресей Үкіметі төрағасының орынбасарын қабылдады

redaktor_rastimes

Түркістан облысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша келіссөз жүргізілді

redaktor_rastimes

Пікір жазу