Қоғамның сан саласында қайнаған өмірдің шынайы келбетін көпшілікке жеткізіп, халық пен билік арасындағы сенімді диалог орнатып жүрген журналистердің кәсіби мерекесі – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні Түркістан төрінде жоғары деңгейде аталып өтті. «Eco Village Kaskasu» демалыс аймағында өткен бұл ерекше шараға өңірдің ел алдында жүрген ардагер журналистері, кәсіби шеберлігімен дараланған қаламгерлер, телеарна, радио және баспасөз саласының майталмандары арнайы шақырылды.
Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ақпарат майданында аянбай тер төгіп жүрген БАҚ өкілдеріне жүрекжарды лебізін білдіріп, ел дамуына қосқан үлестері үшін шынайы алғыс айтты. Ол өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар екенін баса айтып, журналистиканың ағартушылық миссиясы мен қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттің даму жолында журналистиканың атқаратын рөлі орасан. Ақпарат құралдары – қоғамның айнасы ғана емес, халық пен билік арасындағы сенімді диалог орнататын алтын көпір. Қазіргі таңда шынайы әрі сапалы ақпарат тарату – үлкен жауапкершілік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге ерекше сенім жүктейтінін айтып, олардың ел өміріндегі миссиясын жоғары бағалап келеді. Бұл сенім – әр қаламгерге жаңа міндет, биік жауапкершілік артады. Түркістан облысы үшін де журналистердің еңбегі айрықша. Облыс орталығы Түркістанға көшірілгелі бері өңір үлкен өзгерістер мен өрлеу кезеңін бастан өткерді. Осы кезеңнің әр сәтін елге жеткізуде сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бар. Шынайы ақпаратпен, тың репортаждарыңызбен, сындарлы сараптамаларыңызбен қоғамның дамуына үн қосып келесіздер. Қаламдарыңыз ұшқыр, ойларыңыз өрелі болсын! – деді өңір басшысы.
Мерекелік жиында журналистиканың әр саласында өнімді еңбек етіп жүрген үздік қаламгерлер лайықты марапаттарға ие болды. Кәсіби адалдығы мен ерен еңбегі үшін бірқатар БАҚ өкіліне «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, Түркістан облысы әкімінің атынан арнайы марапаттар, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы ұсынған алғыс хаттар өз иелерін тапты.
Мерейлі кеш өнермен өрілді. Түркістан облысының талантты өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, жиынның көркін келтірді. Музыкалық қойылымдар мен ұлттық нақыштағы сахналық нөмірлер кешке ерекше сән беріп, журналистер қауымына құрметтің тағы бір жарқын үлгісіне айналды.
Осындай сәттер – ел тынысын дөп басатын, қоғамның үнін жеткізетін қаламгерлерге шабыт сыйлайтыны сөзсіз. Түркістан төрінде өткен бұл тағылымды мереке – тек марапат қана емес, ақпарат аламанында аянбай тер төгіп жүрген әрбір журналистің еңбегіне деген халықтың алғысы мен ілтипатының айқын көрінісі болды.

