Түркістан облысы бүгінде ел экономикасының тіректерінің біріне айналуға бет алды. Өңірде индустрияландыру қарқыны үдей түсіп, кәсіпкерлік пен өндірісті өркендетуге тың серпін беретін ауқымды жобалар қолға алынуда. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тікелей бастамасымен және бақылауымен аймақтағы индустриалды аймақтарда жалпы құны 130,3 миллиард теңгені құрайтын 100-ге жуық инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл бастамалар тек жаңа өндірістермен шектелмей, мыңдаған адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынып, облыс экономикасына зор үлес қосуда.
Аталған жобалардың нәтижесінде 6 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі таңда жобалардың жартысынан көбі іске қосылып үлгерген. Олардың аясында өңірге 40 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылып, 3 мыңға жуық азамат еңбекке араласты. Түскен салық түсімі 2 миллиард теңгеден асып, облыстық бюджеттің әлеуетін еселеді.
Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізіліп, Сауран, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандары мен Шардара және Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Сонымен қатар, тағы 4 индустриалды аймақты кеңейту немесе жаңадан құру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мақсат – әр аудан мен қалада өндірістік кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету.
Осы мақсат аясында облыс басшысы Сауран ауданындағы бірқатар индустриалды аймақтардың құрылыс барысымен арнайы барып танысты. Атап айтқанда, Иассы, Қарашық және Жүйнек ауылдық округтерінде өндірістік алаңдар қарқынды түрде бой көтеріп келеді. Жалпы алғанда, 2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында 5 өндірістік аймақ құрылады. Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде орналасатын бұл аймақтарға 55 гектарға жуық жер бөлінген. Аталған алаңдарда 115 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 60 кәсіпкермен меморандум жасалып, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кетті.
Иассы ауылдық округіндегі индустриалды аймақ – айрықша назар аударарлық жобалардың бірі. Мұнда 9 гектар аумаққа 24 жоба шоғырланбақ. Жобалар аясында жиһаз өндірісі, спорттық құрал-жабдықтар, жол белгілерін жасау, тігін шеберханалары мен қағаз өнімдерін шығару секілді кәсіпорындар ашылады. Жалпы инвестиция көлемі 6,3 миллиард теңгені құрайды, ал жаңадан ашылатын жұмыс орындарының саны – 600-ден асады. Бұл – бір ғана ауылдық округ үшін ауқымды экономикалық серпіліс.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп: «Индустриалды аймақтар – өңірдің экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі», – деді.
Өндірістік аймақтарды аралау барысында облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар беріп, ең алдымен инфрақұрылым тарту жұмыстарын жеделдетуді міндеттеді. Сонымен қатар, бұл аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи стандарттарға сай етіп қалыптастыру қажеттігін де ерекше атап өтті.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы еліміздегі инвестициялық ахуалы жақсарған, кәсіпкерлікке барынша қолдау көрсетілетін өңірлердің алдыңғы қатарына шықты. Бұл – біріншіден, ұтымды жоспарлаудың, екіншіден, халықпен бірлесе жұмыс істей білудің, үшіншіден, экономикалық тетіктерді дұрыс пайдаланудың жемісі. Түркістан өңірінің жарқын болашағы осындай өндірістік жобалар мен еңбекке ұмтылған халықтың белсенділігіне тікелей байланысты.