Тарихтың қатпарлы беттерінде алтын әріппен жазылатын есімдер бар. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, ерлік пен елдікке толы өмірімен кейінгі ұрпаққа өнеге болған Серікбай Абдіқұлов. Оның ерен еңбегін, отансүйгіштігін, жанқиярлық ерлігін ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ардагерлерді ардақтайық» атты тағылымды шара өтіп, арнайы экспозициялық бұрыштама салтанатты түрде ашылды.
Бұл – жай ғана музей бұрыштамасы емес, бұл – тұтас бір дәуірдің, от пен оқтың ортасынан аман оралған батырдың тағдырына куәлік ететін, тарихпен тілдесетін дереккөз. Ашылу салтанатына жиналған зиялы қауым, ел ардақтылары, сарбаздар мен жас буын алдымен Серікбай атаның өмір жолына көз жүгіртті.
1941 жылы майданға аттанып, 1943 жылы ауыр жараланып, елге оралған Серікбай Абдіқұловтың ерлігі тек соғыста ғана емес, бейбіт өмірдегі жанкешті еңбегімен де жалғасын тапқан. Ол тылда жүріп, елдің еңсесін тіктеуге атсалысты. Және сол бір ауыр кезеңде өзінің қаражаты есебінен 100 мың сом қаржы жинап, оны майданға көмек ретінде орталық Коммунистік партияға жолдайды. Бұл ерлік пен елге деген махаббаттың биік көрінісі еді. Оның бұл жанашырлығы ескерусіз қалмай, сол кездегі КСРО басшысы И.В. Сталиннің атымен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Молотовтың қолы қойылған арнайы алғыс хатпен марапатталады.
Аталған тарихи құжаттың көшірмесін бүгінде ардагердің қызы, Феруза Серікбайқызы музейге табыстап, әкесінің азаматтығы мен отаншылдығын халыққа паш етті. Бұл — батырдың бірегей ерлігін ел есінде сақтап қалу үшін жасалған тағылымды қадам. Бүгінде Серікбай Абдіқұловтың өмірі мен ерлігі туралы жазылған материалдар музей қорында сақталып, арнайы бұрыштамада көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Салтанатты шара барысында музей қызметкерлері мен Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ 6506 әскери бөлімінің сарбаздары мен қала тұрғындары батырдың жүріп өткен жолын еске алып, жастарды патриотизмге баулудың маңыздылығы жайында өз ойларымен бөлісті. Серікбай Абдіқұловтың тағдыры арқылы жас ұрпақ ерліктің, елге қызмет етудің, адалдық пен адамгершіліктің не екенін жүрекпен сезінді.
Ардагердің қызы Феруза Серікбайқызы әкесінің өмірі мен артында қалған мұралары туралы тебірене әңгімелеп, музей ұжымына шексіз ризашылығын білдірді. Сонымен қатар шара барысында ардагерлер кеңесінің өкілдері мен әскери бөлім сарбаздары да өз лебіздерін жеткізіп, бабалар аманатына адал болуға шақырды.
Бұл бұрыштама – тек бір адамның өмір жолын ғана емес, тұтас бір халықтың соғыс жылдарындағы жанкештілігін, отанға деген адалдығын, ел бірлігін бейнелейтін тарихи ескерткіш. Ендігі міндет – осы мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Тарих тағылымынан тамыр алған бұл игі шара – өткенге тағзым, болашаққа бағдар. Осындай бастамалар арқылы біз ұлы ерліктің, батырлықтың және ұлттық рухтың мәңгілік екенін дәлелдейміз.